Бүгiн 2026, 17:56 Фото: ©️ Алматы әкімдігінен

Алматы крематорийінде екі ғана кремация рәсімі өткен

Қазақстандағы алғашқы крематорий биыл сәуірде ашылған болатын.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы BAQ.KZ редакциясына берген ресми жауабында қаладағы крематорий жұмысына қатысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басқарманың хабарлауынша, 2025 жылғы 17 қазандағы Алматы әкімдігінің қаулысына сәйкес, крематорий ШЖҚ «Қалалық патологоанатомиялық бюро» КМК-ның жарғылық капиталына берілген.

Крематорий қашан ашылды?

Нысанның ресми ашылуы 2026 жылдың 30 сәуірінде өтті. Содан бері крематорийде небәрі екі кремация рәсімі жүргізілген.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, нысанның пайдалануға берілгеніне аз уақыт болғандықтан, кремация қызметіне сұраныс деңгейі туралы нақты қорытынды жасау әзірге ерте. Соған қарамастан, тұрғындар тарапынан бұл қызметке қызығушылық бар екені айтылды.

Қазір тұрғындардың өтініштеріне мониторинг жүргізіліп, кремация қызметіне деген сұранысқа талдау жасалып жатыр.

Тәулігіне 16 рәсім өткізе алады

Крематорий екі кремациялық пешпен жабдықталған. Бір рәсім орта есеппен 2,5–3 сағатқа созылады.

Жабдықтар толық жүктемемен тәулік бойы жұмыс істеген жағдайда, крематорийдің есептік қуаты тәулігіне 16 кремация рәсімін өткізуге мүмкіндік береді.

Жерлеу тәсілі – азаматтың таңдауы

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жерлеудің қандай да бір тәсілін насихаттамайтынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, жерлеу түрін таңдау – азаматтардың жеке еркі. Сондықтан тұрғындарға дәстүрлі жерлеу мен кремация туралы заңнамада көзделген ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі ғана қамтамасыз етіледі.