Алматы көшелеріндегі қаптаған самокат: мәселе қалай реттеледі?

Алматыда 2025 жылғы қыркүйектің алғашқы күндерінде автобус электросамокат мінген екі қызды соққан оқиға қайтадан самокаттар мәселесін күн тәртібіне шығарды. Қазіргі таңда бұл реттеуді талап ететін шаһардың өзекті мәселесіне айналып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

3 қыркүйекте Алмалы ауданында автобус электросамокатпен келе жатқан екі қызды қағып, олар ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға қоғамдық желілерде тараған видео және полиция хабарламаларымен расталды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Қала полициясы осы жылдың басынан бері электросамокат пен электровелосипед пайдаланушылары тарапынан тіркелген құқықбұзушылықтар санын жариялаған: ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы қаңтардан бері 11 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш қаладағы мәселенің қаншалықты ауқымды екенін байқатады.

Қолданыстағы ережелер мен стандарттар

Қазақстанда электросамокаттарды реттейтін ұлттық стандарттар мен заңнамалық базаның қалыптасуы соңғы жылдары жүріп жатыр. 2022 жылы қабылданған СТ РК 3769-2022 сияқты техникалық талаптар бар, ал 2023-2024 жылдары жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Жылдамдық шектері белгіленген, яғни тротуарда – 6 км/сағ, велосипед жолында – одан сәл жоғарырақ.

Самокатпен қозғалу үшін кейбір жағдайларда жүргізуші куәлігі талап етіледі. Сондйа-ақ 18 жасқа толмағандарға жолдың жүріс бөлігінде самокатпен жүруге тыйым салынады.

Алайда практикада бұл нормалардың орындалуы әлсіз: бақылау жеткіліксіз, ал инфрақұрылым толыққанды дайын емес.

Мәселенің ауқымы

Самокат пайдаланушылар саны күн сайын артып келеді. Бірақ соған сәйкес келетін инфрақұрылым әлі жеткілікті деңгейде дамымаған.

Мәселен жаяу жүргіншілер тротуарында самокаттармен жүру жиі кездеседі. Ал арнайы тұрақтардың жоқтығы – ретсіз тасталған самокаттардың көбеюіне себеп.

Осы ретте полиция ай сайын мыңдаған құқықбұзушылықты тіркейді. Бұл жағдай қала тұрғындары арасында наразылық тудырып, қоғамда қызу пікірталасқа негіз болып отыр.

Қазір бұрынғыдай емес қала көшелерінде уайымсыз жаяу жүре алмайсың. Байқамасаң, қасыңнан зуытқыған самокат жанап өтіп, ұшырып түсіруі мүмкін. Қала билігі арнайы ереже енгізсе екен, – деді қала тұрғыны Заманбек Кетебаев.

Сарапшылар мен халықаралық тәжірибе

Сарапшылардың айтуынша, мәселені шешу үшін бірнеше бағыт қажет:

  1. Инфрақұрылымды бөлу – самокат пен велосипедке арналған бөлек жолақтар.
  2. Жылдамдықты шектеу – халық көп жүретін аймақтарда 6–10 км/сағ.
  3. Заңнамалық реттеу – самокаттарды тіркеу, сақтандыру, пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру.
  4. Техникалық шешімдер – геофенсинг, GPS арқылы жылдамдықты автоматты шектеу.
  5. Ақпараттық науқандар – пайдаланушыларға жол ережелерін үйрету.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл шаралар кешенді түрде жүзеге асса ғана нәтиже береді.

Қоғам белсенділерінің ұсыныстары

Алматылық қоғам белсенділері де бірнеше ұсыныс айтып отыр:

  • Самокаттарға арналған арнайы тұрақтар орнату.
  • Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін геофенсинг енгізу.
  • Оқу орындарында қауіпсіздік сабақтарын өткізу.
  • Қалалық дизайнды өзгерту: қиылыстарды қауіпсіз ету, жарықтандыруды күшейту.

Олардың айтуынша, тез әрі тиімді шешімдердің бірі — тұрақ жүйесін енгізу мен аймақтық жылдамдық шектеулерін қою.

Депутаттардың ұстанымы

Электросамокат мәселесі Алматы мәслихатында да қызу талқыланды. Қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Құсайынов көліктің бұл түрін толыққанды реттеу жұмыстары жүргізілмейінше, оларды уақытша пайдалануға тыйым салуды ұсынды.

Электросамокаттар ыңғайлы ма? Иә. Қауіпсіз бе? Әркез емес. Кеше Алматы қаласы мәслихатында өткен кеңейтілген отырыста біз электросамокаттар, мопедтер және электробайктарға қатысты маңызды мәселені талқыладық. Бүгінде олардың қозғалысы нақты ережелермен реттелмеген: жылдамдық шектелмейді, тұрақ орындары жүйесіз, ал пайдаланушылардың көбі ЖҚЕ-ні білмейді. Самокаттарды тротуарларда, жол бойында қалай болса солай тастап кетеді, бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қауіп төндіреді. Мен өзім қаланы жаяу аралағанды ұнатамын, бірақ көбінесе артыманан жүйткіп өткен самокаттар қарапайым серуенді қауіпті жағдайға айналдырады, - деді ол.

Оның айтуынша, Алматы қаласында арнайы тұрақтар орнатылмайынша, қауіпсіз веложолақтар жасалмайынша және жалға беру және жүргізу ережелері қабылданбайынша электросамокаттарды уақытша тоқтата тұру керек.

Тек осылай біз қаланы баршаға ыңғайлы әрі қауіпсіз ете аламыз, – деді Бейбіт Құсайынов.

Бұл ұсыныс қоғамда екіұдай пікір тудырды: бір бөлігі оны жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін дұрыс қадам десе, екіншілері – самокатты күнделікті қолданатын тұрғындар үшін ыңғайсыз шектеу деп қабылдады.

Әкімдіктің қадамдары

Алматы әкімдігі мен құқық қорғау органдары бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр:

  • Веложолдар мен самокаттарға арналған инфрақұрылымды кеңейту жобалары қолға алынған.
  • Полиция мен волонтерлар түсіндіру акцияларын өткізіп, жаңа ережелерді халыққа жеткізіп жүр.
  • Ұлттық деңгейде заңнаманы нақтылау жұмыстарына әкімдік те қатысуда.

Алайда бұл шаралардың толық нәтижесін көру үшін уақыт қажет, ал қысқа мерзімде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін жылдам шешімдер керек.

Қорытынды

Алматыдағы самокатпен байланысты соңғы оқиға – бұл мәселесінің өзектілігін тағы да айқындады. Инфрақұрылым, заңнама, қоғамдық мәдениет және прокат операторларының жауапкершілігі үйлеспей тұр. Қысқа мерзімде – түсіндіру, полиция патрулі, аймақтық жылдамдық шектеулері маңызды. Ұзақ мерзімде – арнайы жолдар, тұрақтар, геофенсинг және заңнамалық реттеу арқылы шешім табылады.

Қалалық билік, депутаттар, қоғам белсенділері және сарапшылардың бірлескен қадамдары ғана Алматы көшелерін баршаға ыңғайлы әрі қауіпсіз ете алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы