Алматы көшелерінде цифрлық қауіпсіздік жүйелері енгізілуде
2024 жылы тағы 8 орталық іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен мегаполисті дамыту жөніндегі кеңесте қалада қауіпсіз және жайлы өмір сүруді қамтамасыз ету үшін заманауи цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп жатқанын атады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы тамызда бірыңғай бейнемониторинг жүйесін (БМЖ) енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру нәтижесінде Алматы осындай жүйе іске қосылған елдегі алғашқы қала болды. Ол бейнедегі деректерді талдау мүмкіндігімен біріктіріледі. Сонымен қатар, 490 әлеуметтік нысанда (83%) талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары аяқталды, оның ішінде 372 нысанда бейнекамералар БМЖ-ға (63%) қосылған, - деді Ерболат Досаев.
Бұған қоса, бүгінде қалалық полицияның жедел басқару орталығы 18,8 мың бейнекамераны (97%) көріп отырады. Білім беру нысандарында кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу аяқталғаннан кейін Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесі камераларды 100% қосады.
Сонымен бірге, Алматы әкімінің ақпараты бойынша қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл жыл соңына дейін қаланың 8 ауданында 35 «дабыл түймесі» жүйесі орнатылады. 2025 жылдың соңына дейін тағы 70 «дабыл» түймесі пайда болады. Ал полицияның сервистік үлгісін іске асыру аясында биыл жыл соңына дейін қаланың барлық ауданында 8 орталық, 2024 жылы тағы 8 орталық іске қосылады.
Жалпы, 2023 жылдың 7 айында қылмыстық құқық бұзушылықтар 28,7%-ға, жол-көлік оқиғалары 24,5%-ға төмендеген.