Алматы көріктендірудің жаңа ережесіне құрылыс алаңдарына қойылатын талаптар енгізілді
Алматыда көріктендірудің жаңа ережесі бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжат елді мекен аумақтарын көріктендірудің республикалық үлгілік қағидасына сәйкес әзірленді және қалалардың қазіргі заманғы қажеттілігін көрсетеді. Өзгерістің бірі құрылыс жұмыстарын жүргізу орындарын күтіп ұстау жөніндегі шараларды күшейту.
Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкеновтың айтуынша, меншік иелері құрылыс алаңдарының қоршауының дұрыстығы мен тазалығын қамтамасыз етуге тиіс. Оларда бөтен жазулар мен суреттер, хабарландыру мен жарнама жазылған парақшалар болмауға тиіс.
Сондай-ақ, жалпы қала жолы ластанбас үшін құрылыс алаңдарында қатты жабыны бар кірме жолдар жабдықталуы керек.
Құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көріктендіру элементінің бұзылған тұтастығы мердігерлік ұйымның есебінен қалпына келтірілуге тиіс. Сондай-ақ, қоқысты тасымалдауға және сусымалы жүктерді брезентпен немесе басқа материалмен жаппай, ашық күйінде әкетуге тыйым салынады.
Бұған қоса, уақытша құрылысқа қойылатын талаптар нақтыланды, құрылыс орнын жинаған соң иесі бұрын алып жатқан жер учаскесін қалпына келтіруге және көріктендіруге міндеттеледі. Уақытша құрылыстың меншік иелеріне күнқағар мен шатыр салуға, ыдыс пен тауарды негізгі емес нысанның жанына және оның шатырына жинауға тыйым салынады. Сонымен қатар, уақытша құрылыс арасындағы өртке қарсы алшақтықты жабдықпен немесе қалдықпен толтыруға болмайды.
Бұл ереже «Таза Қазақстан» республикалық акциясын өткізу идеясына енгізілген қаланың қажеттілігін көрсетеді. Бұл мәдениетті арттыру, өзінің жеке учаскесін, үй маңындағы аумақты күтіп ұстау, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізу. Ереже басшылық құжат ретінде қаласына, тұрып жатқан ауданға, шағын ауданға, ортаға деген дұрыс көзқарас танытуға бағытталған, - дейді Дулат Әшкенов.
Бекітілген ережеге түсініктеме берген қаланың мәслихат депутаты Диана Ерлан қабылданған шаралар Алматыда өмір сүру сапасына оң әсер ететінін атап өтті.
Көріктендірудің жаңа ережесі қаламыздың өзгелерге үлгі болуына көмектесетініне сенімдімін. Әрбір тұрғынның тазалық пен тәртіпті сақтаудағы рөлін түсінуі маңызды. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында барлығына шынымен де қолайлы жағдай жасай аламыз, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 19 шілдеде VIII сайланған мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар Алматы қаласының аумағын көріктендірудің жаңа ережесін бекітті. Бұл шаралар қауіпсіз, ыңғайлы әрі экологиялық қолайлы қалалық орта құруға бағытталған.