Алматы әкімдігі ауған соғысы ардаргерлеріне сыйақы береді

Астана, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Сонымен, Алматы әкімдігі Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің жылдығына орай ауған соғысына қатысушы 2716 жауынгерге 100 мың теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Төлемнің жалпы сомасы - 271 млн. теңге. Күні бүгінге дейін Алматыда ауғандық жауынгерлердің тізімін актуализациялау жұмысы жалғасып келеді. Таяуда ғана тағы 43 отбасы анықталды.

«Жақын күндері біз Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің 30 жылдығын атап өтеміз. Өкінішке орай, күні кеше ғана ауған соғысының ардагері,177-ші арнайы жасақ отрядының командирі, аты аңызға айналып, халық арасында «қара майор» атанған, отставкадағы полковник Борис Керімбаев өмірден озды. Оның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің жылдығына байланысты ауған соғысына қатысушы 2716 жауынгерге 271 млн. теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Бұған қоса айтарымыз, Жеңіс күніне орай ауғандық ардагерлерге бір реттік көмек ретінде 50 мың теңге берілетін болады. Осы мақсаттар үшін біз 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлеміз», - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы қалада Ұлы Отан соғысына қатысушыларға бір рет берілетін әлеуметтік көмектің 150 ден 250 мың теңгеге, ал оларға теңелгендерге берілетін көмектің 30 дан 50 мыңға өскенін атап өтті. ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметті төлеуге берілетін ай сайынғы көмек 16,5 мың теңгеге дейін артты.

Айта кетейік, Алматыда өткен жылдан бері «Белсенді ұзақ өмір» Жол картасы қолға алынған. Оның мақсаты - адал еңбек еткен аға ұрпақты қоғамдық іске кеңінен тарту, спортпен айналысуына, мәдени тынығып, рухани кемелденуіне, ұрпақтар үндестігін қалыптастыруға ықпал ету

Жоба аясында қалада белсенді ұзақ өмір Орталығы ашылған, мұнда кітапхана, фитнес-зал, шахмат үйірмесі және басқалары жұмыс істейді. Қазіргі кезде орталыққа 3 мың адам келуде. Оның үстіне, 800-ден астам зейнеткер түрлі фитнес-клубтарға тегін кіреді. Бұдан өзге, тағы 56 әлеуметтік клубтар жұмыс істейді, бұларға 4,5 мың қарттар келуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы