Алматы Катардағы халықаралық туристік көрмеде үздік дестинация деп танылды
Катар астанасы Дохада өткен Qatar Travel Mart (QTM 2024) халықаралық туристік көрмеде Алматының стенді ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Үш күндік көрмеге 60-қа жуық ел қатысып, іс-шараны 12 мыңнан астам адам тамашалады.
Алматы стендінде өңірдің табиғи сұлулығы мен мәдени мұрасы таныстырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көруге және жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болды. Көрме қорытындысы бойынша Алматы «Ең үздік туристік бағыт» номинациясында жеңімпаз атанды.
Алматыны Visit Almaty орталығы, 6 қазақстандық туроператор және «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты таныстырды. Қазақстандық және шетелдік туроператорлар арасында 100-ден астам B2B кездесу өткізіліп, қалаға 13 мыңнан астам шетелдік туристің келуін көздейтін 44 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер іскерлік байланыстарды нығайтуға және Алматыдағы туристік лекті арттыруға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Біздің мақсатымыз – Алматының бай туристік әлеуетін, оның табиғи ландшафттарын, мәдени және тарихи орындарын халықаралық серіктестерге, инвесторларға және туристерге таныстыру. Көрмеде Парсы шығанағы елдерінің тұрғындары үшін негізгі туристік бағыт ретінде қаланың позициясын нығайтуға ерекше назар аударылды, себебі бұл аймақ қалаға тұрақты жоғары қызығушылық танытып отыр, – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының бас маманы Алмас Ақпаев.
Бүгінгі таңда Доха мен Алматы арасында тікелей әуе рейстері бар, бұл Қазақстанмен танысқысы келетін туристер үшін сапарды айтарлықтай жеңілдетеді. Кездесулер нәтижесінде Алматыға деген қызығушылықтың арта түсетініне сенімдіміз, – деп туристік компания өкілі Айша Шәкенова мұндай іс-шараларға қатысу халықаралық серіктестік орнатуға және Алматының әлемдік аренадағы орнын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Көрмеге келген қонақтар Алматыны туристік бағыт ретінде жоғары бағалады.
Алматы – міндетті түрде барғым келетін қала. Ол туралы көптеген жақсы пікір естідім. Шамасы, бұл іскерлік туризмді, демалысты және экотуризмді тамаша үйлестіретін орын, – деді Катар азаматы Тарик әл-Кубайси.