Алматы кәсіпкерлеріне қандай қолдау шаралары қолжетімді
Алматы қаласының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Сағындық Кенжебаев мегаполисте кәсіпкерлікті дамыту және қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік гранттарды 188 үміткер иеленді.
11 қыркүйектен бастап ағымдағы жылдың соңғы 3-ші ағынына өтінімдерді қабылдау басталады. Барлығы 375 адам грант алады деп болжануда. Өткен жылдардағы көрсеткіштер келесідей: 2022 ж. - 1570, 2021 ж. - 1298 адам.
«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында айлық есептік көрсеткіштің 400 еселенген мөлшеріне дейін (1 380 000 теңге) мемлекеттік гранттар беру көзделген - бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы капитал. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға (АӘК және көп балалы болу бойынша жәрдемақы алушылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, қандастар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған мүгедек адамдар) өздерінің бизнес-әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады Сағындық Кенжебаев.
Сонымен қатар, жыл басынан бері 21-35 жас аралығындағы жастарға шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды.
Қарыз жылдық 2,5% - бен 5 жылға дейінгі мерзімге 5 млн теңгеге дейінгі сомаға беріледі. Бұл ретте кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады.
Кепіл ретінде республиканың бүкіл аумағы бойынша жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Осылайша, бүгінде 79 жоба мақұлданды, оның 44-і қаржыландырылды. Өтінімдерді қабылдауды «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамының Сәтбаев көшесі, 5 мекенжайы бойынша орналасқан қалалық филиалы жүзеге асырады.