Алматы - кәсіп пен сауда жүргізуге ең қолайлы қала

Алматы – Қазақстанның бизнес және капитал орталығы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Алматының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 5,1%-ға өсті. Кәсіпкерлік бастаманың арқасында бүгінде қала ел экономикасының бестен бір бөлігін және республикалық бюджет кірісінің төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр. Осы тұста BAQ.KZ тілшісі қаладағы бизнес пен сауда саласының көрсеткштеріне шолу жасап көрді.

Индустриялық аймақ – дамудың өзегі

Индустриялық аймақтың негізгі міндеті – өнеркәсіп саласында жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету.

«Алматы - индустриялық аймақ» ЖШС бас директоры Әлішер Сатыбалдиевтің айтуынша, 2022 жылы 8 жоба іске қосылып, 9миллиард инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 466 жұмыс орны ашылды. Ал 2023 жылы 369 жұмыс ашылып, жалпы сомасы 15 миллиард теңгеге 5 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Жобалар арасында төлем жүйелері үшін банк карталарын, хош иісті сабын және құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар бар. Ал Қытай автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыты мен тамақ өндірісіндегі желатинді өндіру зауытының құрылысы белсенді жүріп жатыр.

Бүгінде өнеркәсіптік парктерге орналасу үшін кезекте 200-ден астам компания тұр. Өнеркәсіптік парктер аумағында орналасу бойынша көш басында тамақ, жиһаз өнеркәсібі, пластмасса және металл өңдеу компаниялары тұр. Индустриялық аймақ жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын ескерсек, бүгінде аумақтың 95%-ы игерілді. Мемлекет басшысының өзі қолдау бірдірген батысқа қарай ЖЭО-2 бағытында 200 гектарға кеңейту туралы шешімі қабылданды. Қазір жер учаскелерін сатып алу аяқталып жатыр, - дейді Әлішер Сатыбалдиевтің.

Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің қолдауымен, индустриялық аймақтың аумағында инновациялық техникалық колледжінің құрылысы басталады. Колледж 720 оқушы орнына есептелген және аумағында 320 орындық студенттік жатақхана орналасатын болады. Колледж оқушылары индустриялық аймаққа қажет мамандықтарға бағытталған білім алады.

Алматы – сауда бойынша көшбасшы

2023 жылғы 1-жартыжылдықта сауда саласының өскені байқалады. Атап айтқанда бөлшек саудадағы тауарлар мен қызметтерді іске асыру көлемі 2023 жылдың қаңтар-маусым айларының ішінде 2431,7 миллиард теңге немесе 110,9% болды.

Бұл ретте сату былтырмен салыстырғанда азық-түлік тауарлары бойынша 1,1%-ға (көлемі – 583,8 миллиард теңге), азық-түліктік емес тауарлар бойынша 14,8%-ға (көлемі – 574,6 миллиард теңге) артты. Көтерме сауда айналымы 6970,1 миллиард теңгені немесе 127,4%-ды құрады. Осы орайда азық-түлік тауарларын сату 6,7%-ға (көлемі – 1 487,8 миллиард теңге), азық-түліктік емес тауарларын сату 35,1%-ға (көлемі – 5 482,3 миллиард теңге) өсті.

Бұдан басқа қалада электронды коммерция белсенді түрде дамып жатыр. Атап айтқанда былтыр тауарлардың бөлшек сауда сатылымы электронды коммерциясының көлемі 1858,4 миллиард теңге болды. Бұл Қазақстандағы жалпы көлемнің 94,6%-ына тең. Көрсетілетін қызмет бойынша көрсеткіш 1061,9 миллиард теңгеге немесе Қазақстандағы жалпы көлемнің 89,5%-ына жетті.

Биылғы маусым айында да оң көрсеткіш сақталып, сауда саласы әрі қарай өседі деген болжам бар. Өсудің негізгі себебі ретінде киім-кешек, аяқ киім (жаңа коллекцияларға тапсырыс, науқандар өткізу, жаппай сату және т.б.) секілді азық-түліктік емес тауарларға деген маусымдық сұранысты айтуға болады. Кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржылық жүктемені төмендету мақсатында мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес құралдары ұсынылады.

Баға тұрақтылығы – әлеумет тұрақтылығы

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде форвардтық келісімшарт тетігі аясында бөлінгені:

  • әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 13 атауы бойынша 3,2 мың тонна өнімді сату үшін Магнум желісіне 1,5 миллиард теңге;
  • жұмыртқа, әлеуметтік нан, ет өндірушілеріне 2 миллиард теңге;
  • бекітілген баға бойынша (440 тг/кг) Көксу қант зауытынан 3 мыңнан астам тонна қант сатып алуға 1,3 миллиард теңге;
  • 2023 жылғы қыркүйектен бастап, 2024 жылғы сәуірді қоса алғандағы кезеңде 20 мың тонна көкөністі «форвардтық» сатып алуға 3,2 миллиард теңге берілді.

Нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қала наубайханаларының ұн тарту кәсіпорындарына «Азық-түлік корпорациясының» қорынан 10,3 мың тонна астық жеткізу мәселесі пысықталды.

Жыл басынан бері қаладағы 6 азық-түлік базары тексерілді. Тексеріс аясында сауданың 15%-дық үстемесін сақтамаудың 53 жайты анықталып, 20 тиімсіз делдал жойылды.

Сонымен қатар Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті аудан әкімі аппараттарымен бірлесіп, барлық 3,6 мың «үй жанындағы» дүкендерге тексеру жүргізуді қолға алған. Бүгінде тексеру 1080 дүкенді қамтыды, сауданың 15%-дық үстемесін сақтамаудың 37 жайты анықталды, олар бойынша тиісті хаттамалар толтырылды.

Қала тұрғындарына тиімді бағамен тауар ұсыну мақсатында апта сайын «демалыс күнгі» жәрмеңкелер өтуізу жалғасып жатыр. Мысалы жыл басынан бері Алматы облысына жақын орналасқан аудан фермерлерінің қатысуымен 328 жәрмеңке өткізілді.

Қала бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жұмысы жалғасып жатыр, себебі ол ерекше бақылауға алынған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы