Алматыда ҚАЖД қызметкерлері Ғазиз Байтасовты еске алды
Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Қарашаның 12-і күні Алматы қаласы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті және оған қарасты барлық мекеме қызметкерлері бүгінгі күннің батыры Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов ішкі істер органына берген антына адалдық танытып, небәрі қырық жасында қауіпті террористі ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Биыл Ғазиз Байтасовтың ерлігіне 10 жыл толды. Бүгінде оның ерлігі – Отан алдында қасиетті борышын атқарып жүрген және құқық қорғау саласында қызмет істеп жүрген әрбір азамат үшін ерліктің үлгісі.
Батыр әріптесіміз Ғазиз Байтасов 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында қауіпті лаңкес ұстау барысында, қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған болатын. Ол осы әрекетімен қаншама бейбіт тұрғынның өмірін құтқарып қалды.
Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ҚАЖД жеке құрамы бүгін ЛА-155/6 мекемесінде қызмет атқарып жүріп, сотталғандардың қашуына жол бермеймін деп, өзі солардың қолынан қаза тапқан ішкі қызмет лейтенанты А. Сабырбековке қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, антына адал әріптестерін де еске алды.