Алматы қаласы мәслихаты депутаттарын сайлау қорытындыcы жарияланды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы Алматы қаласы мәслихаты депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарды және дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды таратты.

Саяси партиялардың Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттарды ұсынуы екі ай бұрын басталып, сайлау күніне бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 18.00-де аяқталған. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 5 саяси партиядан 118 кандидатты тіркепті.

Алматы қаласы мәслихаты сайлауының қорытындыларына сәйкес партиялық тізімдер бойынша дауыстар мынадай болып бөлінді: сайлаушылардың 68,11% «Nur Otan» партиясына дауыс берді, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 10,11% дауысқа ие болды, «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясы  сайлаушылардың 7,68% дауысын алды, Қазақстан халық партиясы - 7,31% және «Адал» саяси партиясы - 6,79% дауыс алды, - дейді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова.

Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес дауыс беру қорытындылары бойынша саяси партиялар арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезегі анықталды. 

Жанна Асанова айтуынша, «Nur Otan» партиясы 29 депутаттық мандат алды, Қазақстанның «Aқ жол» демократиялық партиясы 4 мандатқа ие болды, ал «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясы мен Қазақстан халық партиясы әрқайсысы 3 мандаттан алды.

Естеріңізге сала кетейік, партиялық тізім бойынша Алматы қаласы мәслихатына дауыс беру 2021 жылдың 10-шы қаңтарында жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өтті. Сайлаушылардың белсенділігі 30,25% пайызды құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы