Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынбайды – әкімдік
"Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынбайды. Коммерциялық нысан ашылмайды". Әкімдік өкілдері мен ипподром басшылығы осылай дейді. Олардың айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды және тарихи орын өз мәртебесін сақтап қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
1930 жылы ашылған елдегі ең ірі әрі көне ипподромның аумағы 40 гектардан асады. 3 мыңнан аса адам спорттық алаңда өткізілетін жарысты бір мезетте тамашалай алады. Қызығы сол, бұл орын 2021 жылдан бері «Сәулет және мәдениет ескерткіші» ретінде мемлекеттің қорғауында. Десе де, желіде ипподром жайлы ара-тұра түрлі жазба жарияланып тұратынын білеміз. Онда жекенің қолына өткен жерге тұрғын үй, коммерциялық нысандар салу жоспарланғаны айтылған. Бірақ әкімдік өкілдері бұл ақпараттың негізсіз екенін айтады.
Алматының бас жоспарына сай, бұл аумақ спорттық нысандар аймағы ретінде белгіленген. Және жер учаскесі де ипподром ретінде пайдалануға арналған. Яғни, бұл орынға қандай да бір ғимарат салынады деудің өзі шындыққа жанаспайды. Бұл туралы әңгіме де болуы мүмкін емес, - деді әкімдіктің жобалық кеңсесінің ресми өкілі Ерден Тұрысбеков.
Қазір спорт нысанында додаға қатысатын аттардың дайындығы пысықталып жатыр. Себебі, жыл сайын алаңда ұлттық сайыстың түр-түрі өткізіледі. Жұрт назары ауатын бәйге біріншілігінің бірнеше кезеңі де осы ипподромда ұйымдастырылады.
Көптеген қалалық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл жерде классикалық ат шабыс, бәйгеден Қазақстан чемпионатының кезеңдері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен фестивальдер, ойындар өтіп тұрады. Сондықтан Алматы ипподромында ары қарай да ұлттық спорт түрлері дами беретін болады, - деді Спорт басқармасының баспасөз хатшысы Қайсар Оқас.
Бізде 25 қора бар. Ат қораларымызда аттар тұр. Кейбірі фазендаларға кетіп қалған, қалғандары өз орындарында, бәрі жұмыс істеп жатыр. Бізде мұнда иппотерапия бар – балалармен, әсіресе кішкентай балалармен жұмыс істейтін мамандарымыз бар, олардың барлығы өз орындарында, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Реконструкция жасап, осы нысандарды жаңғыртсақ деген ойымыз бар, – деді Алматы ипподромының директоры Жандос Маратов.