Алматыда биыл 1,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан биыл Алматыда 1100 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл - өткен жылғы көрсеткіштен 5,3%-ға артық. 

Бұл туралы Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов онлайн брифинг барысында айтты.

Брифинг барысында ол Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына байланысты қазіргі жұмыстардың бәрі Алматыны шетсіз қалаға айналдыруға бағытталғанын айтты. 

Карантин шараларына қарамастан қаланың шеткі аумағында тұрғын үй, мектеп салынып, жаңа жолдар жасалды. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Оның басым көпшілігі қала сыртында салынады, - дейді ол.

Оның айтуынша, көпфункционалды тұрғын үй кешендерінде 8 523 пәтер, 1 235 жеке тұрғын үй және 3,2 мың м2 жатақхана салынған.

Шілде айында ғана 1 590 пәтер және 167 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін 8 277 пәтер және 752 жеке тұрғын үй салыну жоспарланған. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жыл соңына дейін тағы 5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр, - дейді Ахмеджанов.

Сонымен қатар, ол жақын арада 9 денсаулық сақтау объектісін салу және жөндеу, Алатау ауданында теннис кортының құрылысы іске асатынын айтты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12 900 орындық 8 мектеп салынады. Айта кетейік, бұндай мектептердің Қазақстан мен ТМД елдерінде баламасы жоқ. Осы бірегей жобаны Казгорпроект қызметкерлері әзірледі. Сонымен қатар, қолданыстағы мектептерге 13 қосымша құрылыс салынады, 150 орындық балабақша салу жоспарланған, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 2 жеке меншік мектеп салынады, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол пандемияға байланысты басқарма Алматының дизайн-кодын енгізу бойынша қоғамдық талқылауларды өткізуді тоқтатқанын айтты. Талқылау алдағы уақытта онлайн режимде жалғаспақ.

Басқарма мамандары алматылықтармен үнемі байланыста. Мысалы, жазда Мәметова көшесіндегі № 47 үйдің тұрғындары әлеуметтік желілерде өздерінің балкондарынан әйнекті алып тастайтыны туралы наразылық білдірді. Басқарманың сәулетшісі мен Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, балкондарды ашу туралы мәселенің қажеті жоқ екенін түсіндірді. Ал ағымдағы жөндеу барысында тек қасбеттің шіріген бөліктері ғана ауыстырылады және боялады. Айта кетейік, үй тұрғындары Алматыда дизайн-кодты енгізу идеясын қолдады, - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, басқарманың сайтында «Алматы қаласын жақсартайық» атты сауалнама орналастырылған. Ол жерде кез келген адам қаланың келбетін өзгертуге байланысты ұсыныстары мен пікірлерін қалдыра алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы