Алматыда «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовты еске алды

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған тақта ашылды.

«Ерлік елге-мұра, ұрпаққа -үлгі» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Осыдан он жыл бұрын Тараз қаласында қарулы лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ғазиз Байтасовтың есімін ел есінде мәңгілікке сақтау мақсатында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Батыр ұлға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, жер - жерлерде Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш тақталар ашылды.

Бүгін аталған оқиғаның 10 жылдығына орай Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған тақта ашылып, оған батырдың жұбайы арнайы шақырылды.

Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбековтің құттықтау сөзінен соң, академия бастығы мен марқұмның жұбайы Гүлжамал Махамбетқызы естелік тақтаны салтанатты түрде ашты.

Жаңа ашылған тақтаға оркестр әуенімен гүл қою рәсімін өткізген соң, Ғ. Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Махамбетқызына академия ғимаратында экскурсия ұйымдастырылып, клубта оқытушы-профессорлық құраммен, курсанттармен кездесу өткізілді.

Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайлы деректі фильм көрсетілді. «Ердің өзі өлсе де, аты өлмейді» дегеннің рас екені тағы бір рет дәлелденді. Батырдың аты мәңгі жасай бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы