Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ғылым және шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

Қала әкімімен кездесуге жазушы Софы Сматаев, академик Серік Қирабаев, актер Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын Иран-ғайып Оразбаев қатысты. Олар заманауи әдебиеттің қазіргі жағдайы, қазақстандық жазушылардың әдеби мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеу, театр өнерін дамыту мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, кездесуде әдебиеттің, театр мен киноның өскелең жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі және шығармашылықтың қаланың мәдени және рухани өміріндегі ерекше орны туралы сөз болды.

Еске салсақ, бұрындары Жазушылар одағында Бақытжан Сағынтаев қолдау шаралары туралы айтқан еді. Оның тапсырмасы бойынша Жазушылар үйі жөнделеді, қалыптасқан және жас жазушылар үшін арнайы гранттар бекітілетін болады.

Қала әкімінің бастамасы бойынша әдеби байқау, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында үздік сценарий конкурсы ұйымдастырылады. Жеңімпаздар өздерінің шығармашылық идеяларын қала театрларының сахналарында көрсете алады. Бұлардан өзге, аудандарда жастар демалысының орталығына айналатын жаңа форматтағы кітапханалар ашылады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы