Алматы экологиялық мәдениет жоғары дамыған қалаға айналуға тиіс – Шаханов

Мәдениет саласының өкілдері Алматыда 1000 алма ағашын отырғызады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыда жаппай ағаш пен гүл отырғызу науқаны басталды. Мәдениет саласының өкілдері театрлар мен музейлердің, кітапханалар мен архив, зообақ пен цирк аумағына, сондай-ақ қаладағы саябақтар мен скверлерде 1000 түп алма ағашын отырғызуды жоспарлап отыр.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына ұлт жанашыры, халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов қолдау көрсетті. Ол «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдына алма ағашын отырғызып, экологиялық шараның қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Бұл – жақсы қасиеттерді насихаттайтын, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақыратын және мейірімділікке баулитын үлкен іс-шара. Мен 82 жаста болсам да, ортақ мүддеміз үшін азаматтық белсенділік танытып, ағаш отырғызуға келдім. Әсем Алматымызды көркейту жолында қала тұрғындары ғана емес, қонақтары да атсалысуы қажет. Мұндай бастамаларды қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Алматы экологиялық мәдениет жоғары дамыған қалаға айналуға тиіс. Соған тырысуымыз керек, – деді Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы