Алматы дамуы: экономика, инвестиция және кәсіпкерлік
Алматы еліміздің кәсіпкерлік орталығы әрі экономикалық драйвері екені мәлім. Мәселен биылғы жарты жылдың өзінде қалада әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсу қарқыны өте жоғары. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі шаһардың инвестиция, кәсіпкерлік және басқа да қаржы-экономикалық салаларына тоқталуды жөн көрді.
Жарты жыл қалай өтті?
2023 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Алматы қаласында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсу қарқыны жоғары деңгейде екені байқалады.
Бұл өсімге негізгі 6 сала сеп болады. Олар: өнеркәсіп, сауда, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер, құрылыс және ауыл шаруашылығы. Яғни қысқа мерзімді экономикалық индикатор 120,4%-ға жетті.
Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,9%-ға немесе 979,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі 22,2%-ға өскенін көрсетті.
Құрылыс 11,8%-ға ұлғайып, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 219,9 миллиард теңге болды. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 1 225,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға өсті.
Бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға өсіп, 2 431,7 миллиард теңгеге жетті. Көтерме сауда тауар айналымы 27,4% өсіммен 6 970,1 миллиард теңге болды. Көлік және қоймалау қызметтері – 14,7%-ға, ақпарат және байланыс қызметтері-3,8%-ға ұлғайды.
Қаңтар-маусым айларында қала экономикасына 0,7% өсіммен негізгі капиталға 604,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар жеке инвестициялар 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8%-ға өсті.
Инфляция жыл басынан 5,1% болды, яғни оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 5,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар бойынша 5,9%-ға және ақылы қызметтер бойынша 3,9%-ға өсті.
Мемлекеттік бюджетке 2 654,7 миллиард теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер түсіп, 40,8%-ға өсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 1 913 миллиард теңге (47,3% өсті), жергілікті бюджетке – 741,7 миллиард теңге (26,5% өсті) түсті.
Сыртқы сауда айналымы (ЕАЭО елдерін қоспағанда) 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында 52,7%-ға өсіп, $9 943,9 миллион құрады. Бұл ретте экспорт 30,7%-ға ұлғайып, $1 770,2 миллион құрады. Импорт $8 173,7 миллион болып, 58,3%-ға өсті.
Алматы кәсіпкер қаласы
Бүгінде шағын және орта бизнес қала экономикасының фундаменті деуге болады. Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы 380 001 субъектісі тіркелген. Бұл 2022 жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 22%-ға (312 784 бірлік) артық.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкер саны – 323 083-ке жетті. Бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінен 39%-ға (233 030 бірлік) жоғары. Осылайша республика бойынша Алматының үлесі – шамамен 16,2%. Бұл жағынан қала көп жылдар бойы Қазақстанда 1-орында екенін айта кетейік.
Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бизнесті қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарының кең жиынтығы қамтылған. Мәселен 500 миллион теңгеге дейінгі сомада 2% және 6% мөлшерлемесімен кепілдікті жеңілдетілген несие беру, 12% мөлшерлемесімен кепілдікті несие беру, қарыз алушы үшін 6% түпкілікті мөлшерлемесімен субсидиялау бағдарламалары және қарыздарды 85%-ға дейін кепілдендіру тетіктері бар.
Осы тұста 2023 жылы 48,5 миллиард теңге мемлекет қаражаты бөлінгенін айта кетейік. Оның ішінде 103 миллиард теңгеден астам сомаға 1250 жоба мақұлданды.
Сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін қалада шағын өнеркәсіп парктері бағдарламасы белсенді түрде дамып жатыр. Бұл жеңілдік шарттары бойынша өндіріс үй-жайлары беріледі. Қазіргі кезде 11 шағын өнеркәсіп паркі іске асырылды. Өндіріс үй-жайларының жалпы ауданы 46 мың шаршы метр.
Құрылысқа салынған инвестиция сомасы – 4 миллиард теңге. Өзінің өндірісіне шамамен 3,5 миллиард теңге инвестиция салып, 1074 жаңа жұмыс орнын ашқан 76 резидент пайда болды.
Бұдан бөлек Алматыда бизнесті қолдау бойынша қалалық бағдарламаларды табысты түрде іске асыру үшін 2021 жылдан бастап, «ШОБ 2.0: бизнесті ынталандыру бойынша шаралар» жобасы іске асырылып келеді. Онлайн-қызметке қол жетімділікті арттыру мақсатында бизнес үшін орын таңдау функциясы, қаржылық және қаржылық емес қызметтер алу сияқты бизнеске арналған 25 онлайн сервисі бар almatybusiness.gov.kz веб-порталы жаңартылғанын да айта кетейік.
Кәсіпкерлік ортаның өзекті жағдайы мен қажеттіліктерін ескере отырып, Цифрлық кәсіпкерлік картасын дамыту жалғасатын болады. Қазірдің өзінде 300 мыңнан астам бизнес субъектілері өзектендірілді. Карта қаланың кеңістік дамуының кешенді тәсіліне мүмкіндік береді. Сондай-ақ бизнестің инфрақұрылымға деген қажеттілігін, жекелей алғанда, инженерлік коммуникациялардың, жарықтандырудың, жолдардың және тұрақ орындарының барын айқындайды.
Бүгінгі күні «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында қала экономикасының өңдеу өнеркәсібі, креативті экономика және туризм секілді басым салаларын дамыту жоспарланып отыр.
Алматы инвестицияға қолайлы мекен
2023 жылдың қаңтар-маусым айларының ішінде, негізгі капиталға салынған инвестициялар 604,4 миллиард теңгені, нақты көлем индексі (НКИ) – 100,7% болды. Қаржыландырудың негізгі көзі инвесторлардың жеке қаражаты (486,7 миллиард теңге) екенін атап өткен жөн.
Пайдалану бағыттары бойынша инвестицияның негізгі көлемі жылжымайтын мүлікке – 296,1 миллиард теңге, өнеркәсіпке – 36,2 миллиард теңге, көлік және қоймалауға – 83,6 миллиард теңге, білімге – 25,8 миллиард теңге, сондай-ақ қаржылық және сақтандыру қызметіне – 29,6 миллиард теңге тиесілі болды.
Жыл соңына дейін сомасы 214,8 миллиард теңге болатын 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде өнеркәсіпте 10 жоба (17,5 миллиард теңге), сауда саласында 6 жоба (46,5 миллиард теңге), білім саласында 2 жоба (10,8 миллиард теңге), денсаулық сақтау саласында – 1 жоба (130 миллиард теңге) және туризмде 1 жоба (10 миллиард теңге) қарастырылған.
Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша мегаполистің негізгі капиталға салатын инвестициясының көлемі 1,5 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Егер шаһардағы барлық жоба іске асса, онда іскерлік белсенділік артып, 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны пайда болады.