Алматы ауруханалары мен емханаларының жабдықталуы 91,5%-ға жетті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында қалада ауруханалар салынып, медициналық кадрлардың даярланғаны туралы хабарлады.

Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтау нысандары бойынша жабдықтау көрсеткіші 91,5%-ды құрайды, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің жарақтандырылуы 100%-ға дейін жеткен. Жедел медициналық жәрдем жұмысы жақсарып, 3 жаңа қосалқы станция салынған. Бригадалар саны екі есеге артқан, ал автопарк 70% жаңартылыпты.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша осы және ықтимал эпидемиологиялық қатерлерге ден қою бойынша елдің ғылыми-медициналық әлеуетін шоғырландыру мақсатында Алматыда инфекциялық аурулардың көпбейінді ғылыми-зерттеу орталығының құрылысы басталды. Сондай-ақ, 3 емхана, 9 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2 модульдік КТ-орталығының құрылысы басталды. Осы жылы Алатау және Наурызбай аудандарында үш емхана, 9 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, екі модульді КТ-орталығының құрылысы басталды,-деді Алматы әкімі.

Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының және №2 БЖКБ қосалқы корпустарының құрылысы, паллиативтік көмек орталығы бар жаңа онкологиялық орталықтың және Медеу ауданында көпбейінді стационардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

250 төсек-орынды балаларды оңалту орталығын және 50 төсектік ерте араласу орталығын орналастыру үшін бұрынғы «Алматы темір жол ауруханасын» қайта жаңарту және күрделі жөндеу жоспарлануда. Медицина кадрларының тапшылығын төмендету үшін ағымдағы жылы резиденттерді аса тапшы медициналық мамандықтар бойынша оқытуға 120 грант бөлінді. Медициналық колледжде оқуға 391 грант бөлінді,-деді Сағынтаев.

Алматы қаласының медициналық ұйымдарында 26 808 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 6 343 дәрігер, 13 232 орта медициналық қызметкер, 3 872 кіші медициналық персонал және басқа да персонал - 3 361 адам. Сондай-ақ, КВИ дерті өршіген жағдайда инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін медицина кадрларының резерві дайын.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы