11 Тамыз 2026, 15:43 Фото: видео кадры. Threads

Алматы әуежайында жолаушы түсірген таксистерге жаппай айыппұл салынып жатыр ма? – Полиция жауап берді

Алматылық таксистер әуежайға тапсырыс алудан жаппай бас тарта бастаған.

Әлеуметтік желілерде Алматы халықаралық әуежайының аумағында жолаушы түсірген жүргізушілерге автоматты түрде айыппұл салынып жатқаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты кейбір такси жүргізушілері әуежайға тапсырыс қабылдаудан бас тартып жатқан көрінеді. Полиция департаменті бұл дерекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Желіде жарияланған видеода халықаралық терминал маңындағы арнайы камералар көліктерді тіркеп, жүргізушілерге айыппұл жіберетіні айтылған.

Автордың сөзінше, белгілі бір жол белгісінен кейін тоқтауға мүлде болмайды, ал талапты бұзғандарды камералар автоматты түрде анықтайды.

Алайда Алматы қалалық Полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, әуежай аумағының кейбір бөліктерінде 3.28 «Тұруға тыйым салынады» жол белгісі орнатылған. Сонымен қатар жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін арнайы орындар қарастырылған.

Полиция қолданыстағы жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, көлік құралын жолаушыны отырғызу немесе түсіру мақсатында қысқа уақытқа тоқтатуға рұқсат етілетінін атап өтті. Мұндай жағдайда жүргізуші жол қозғалысы ережелерін сақтап, белгіленген уақыттан артық кідірмеуі тиіс.

Жолаушыны түсіру үшін қысқа мерзімге тоқтау фактісінің өзі әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болмайды, – деп хабарлады ПД.

Сонымен қатар полиция жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын немесе басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда ғана заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулымен келіспейтін азаматтар оны заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алатыны айтылды.

Осылайша, Алматы әуежайында жолаушыны арнайы рұқсат етілген жерде қысқа уақытқа түсіргені үшін автоматты түрде айыппұл салынады деген ақпаратты полиция жоққа шығарды.