Алматы әуежайында ұшақ бортында темекі шеккен жасөспірімге айыппұл салынды

Алматы қаласы әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 17 жастағы атыраулық жасөспірімге ұшақ бортында темекі шеккені үшін айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көліктегі полиция мәліметінше, Air Astana әуекомпаниясының "Атырау – Алматы" бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуе кемесі командирінің актісі бойынша құқық бұзушыны түсіріп алды.

Ол – ұшу кезінде әуе кемесінің дәретханасында темекі тұтынған Атырау қаласының 17 жастағы тұрғыны. Аталған құқық бұзушы заңды өкілдерінің қатысуымен ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1, 2-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылып, оған 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған жәсөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Айта кетсек, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейсінен 395 азаматты түсірді, оның ішінде әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін – 130, алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін 191 жолаушы түсірілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы