Алматы әуежайында қымбат смартфондарды ұрлаған қызметкер ұсталды

Алматы әуежайында көлік полицейлері қымбат смартфондарды ұрлаумен айналысқан 27 жастағы қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, бұрын сотталған азамат әуе компаниялардың бірінің жүк бөлімінде жұмыс істей жүріп, мамыр мен шілде аралығында Стамбұлдан келетін жолаушы жүгінен смартфондарды жүйелі түрде қолды етіп отырған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктінің қылмыстық әрекеттерін әшкереледі.

Оның жалпы 33 телефон ұрлағаны анықталды. Келтірілген залал сомасы 7 664 315 теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде бұл шығын толық көлемде өтелді.

Түрксіб аудандық сотының үкімімен айыпталушы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Көліктегі полиция департаменті көлік нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алу шараларын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы