Алматы әуежайында бойжеткен полицейді көлігінің капотында сүйретіп әкетті
Әлеуметтік желілерде Алматы әуежайының аумағында жүргізушінің полицейді көлігінің капотында сүйретіп әкеткен сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға түнгі уақытта Алматы халықаралық әуежайының аумағында патрульдеу кезінде орын алған.
Полиция қызметкері жол қозғалысы ережесін бұзған көлікті тоқтатты. Алайда жүргізуші заңды талаптарды орындаудан бас тартып, құжаттарын көрсетпеді, агрессия танытып, оқиға орнынан жасырынуға тырысты. Инспектор көлікті тоқтатуға әрекет жасаған сәтте оның капотына жабысып, бірнеше метрге дейін сүйретілген. Аталған факт бойынша ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жол ережесін бұзғаны және полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жазаланды, – деді ПД.
Сот шешімімен бойжеткенге 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Алматы полициясы қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбау – жай ғана құқық бұзушылық емес, бұл қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке тікелей қатер екенін ескертеді. Ведомство азаматтарды құқық қорғау органдарының өкілдеріне құрметпен қарауға және мұндай оқиғаларға жол бермеуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізуші полицейді капотпен бірге сүйреп кеткен болатын. Сондай-ақ, жол ережесін елемеген 19 түлекке айыппұл салынғанын хабарлаған едік.