Алматы әуежайына айыппұл салынды
Әуежай белгіленген мерзімге дейін кемшіліктерді түзетпеген.
Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ға айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот әуе айлағын 2025 жылғы 11 қарашада Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасы берген нұсқаманы орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты.
Тексеру кезінде контейнерлер жақын маңдағы ғимараттардан 18 метрден аз қашықтықта орналастырылғаны, Т-2 терминалының ішкі жоспары өзгертіліп, бұл автоматты өрт дабылы мен өрт сөндіру жүйлелерінің әрекет ету аймағын шектеген.
Алайда әуежай белгіленген мерзімге дейін бұл кемшіліктерді түзетпеген.
Сот әуежайға 500 АЕК айыппұл салды. Әуежай жұмысын тоқтату шарасы қолданылған жоқ. Себебі мұның айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық салдары болуы мүмкін. "Халықаралық Алматы әуежайы" АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 2 162 500 (екі миллион жүз алпыс екі мың бес жүз) теңге көлемінде айыппұл төлейді, - делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енді.