Алматы әуежайы 9 миллионыншы жолаушысын қарсы алды

Астана-Алматы бағыты бойынша KC 854 рейсімен ұшып келген Марат Нұралин 9 миллионыншы жолаушы болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы әуежайы оған Бодрумға екі адамға жолдама сыйлайды. Әуежай басшылығы бұл оқиға әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи сәт екенін атап өтті.

Бүгін Халықаралық Алматы әуежайы үшін маңызды күн. Себебі біз 9 миллионыншы жолаушыны қарсы алып жатырмыз. Бұл оқиға әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи сәт. Жолаушы Астана-Алматы бағыты бойынша KC 854 рейсімен ұшып келді. Оған Бодрумға екі адамға жолдама сыйлаймыз. Бұл жолдамада барлығы қамтылған. Осы ретте бізбен жұмыс істейтін барлық әуе компанияларына алғыс білдіремін. Біз ол кісілер болмаса, осындай нәтижеге қол жеткізбес едік. Болашақта жаңа жолаушылар терминалы ашылса, 10 миллионыншы жолаушыны қабылдарымыз сөзсіз. Осы ретте, Көлік және коммуникация министрлігіне алғыс білдіремін, - дейді Халықаралық Алматы әуежайының президенті Алп Ер Тунга Ерсой. 

Марат Нұралин әуежайда өзіне мұндай сый-құрмет көрсетіледі деп күтпегенін айтып, бастапқыда уайымдағанын атап өтті. 

Мен өзім Астана қаласының тұрғынымын, Алматыға құдамыздың мерейтойына келдік. Бізге ұшақта кішкене күте тұрыңыздар дегенде уайымдап қалдық. Кіре берісте құтықтап жатқанда не болды екен деген қорқыныш болды. Осындай сыйға ие болғаныма қуаныштымын. Өзім ұшақпен жиі ұшамын. Алдыңғы аптада ғана Алматыға келген едім. Біз Түркияда болып көрмеген едік. Жұбайыма бұл жаңалық ұнап жатыр, - дейді Марат Нұралин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы