Алматының Әуезов ауданында 84 нысан дезинфекцияға жабылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ренат Кенеев онлайн брифинг барысында қызметі тоқтаған барлық нысандарда санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы санитарлық шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
20-21 маусым күндері қала бойынша барлық сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері, базарлар, спорт залдарының жұмысы тоқтатылған болатын.
Қазір біздің дәрігерлеріміз, полицейлер мен тіршілікті қамтамасыз ететін кәсіпорын қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет етуде. Мен бәрінен олардың еңбегіне құрметпен қарауға шақырамын. Біздің ауданның тұрғындарынан халықты коронавирус инфекциясынан қорғауға қажетті мәжбүрлі шараларға түсіністік танытуларын және байыппен қарауларын сұраймын, - деді ол.
Ауданда 8 сауда орталығы және 19 сауда үйі жұмыстарын тоқтатқан. Оған қоса 4 базар, 17 супермаркет, 28 спорт кешенінің жұмысы тоқтаған.
Сонымен бірге, адамдардың көп жиналуын болдырмас үшін демалу орындары да жабылған. Атап айтар болсақ, Сары-Арқа кинотеатрының ауласындағы, Алтынсарин даңғылының бойындағы скверлер жабылған.
Оған қоса, 8-ықшам аудандағы жаяу жүргіншілер аймағы мен Family Park саябағы, Сайран өзенінің батыс бөлігінде жүруге тыйым салынған.