Алматы ауасы қаншалықты ластанған?
Алматыдағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланады, ластану индексі 7-ні құрайды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол жоғары деп саналады. Алматыда ауаның негізгі ластаушылары энергетика компанияларының және басқа да өндіріс нысандарының, жеке сектордағы жылыту құрылғыларының шығарындылары мен автокөліктер екені белгілі.
Ауаны ластаушы заттардың жалпы шығарындылары 2021 жылы шамамен 127 мың тоннаны құрады. Қалада шығарындылардың 4000-нан аса стационарлық көздері бар. Нақты шығарындылар 46 мың тоннаны құраса, жеке сектордағы шығарындылар шамамен 11 мың тонна. Ал негізгі ластану көзі – автокөліктер, - деді Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Сергей Герасименко.
Ол сондай-ақ қалада 547 мыңнан аса автокөлік құралдары есептелетінін айтты. Ол автокөліктердің 20 пайызында көлік түтіні шамадан артық шығарылады. Автомобиль шығарындылары 70 мың тоннаны құрайды.
Осы автокөлік процестерін реттеу мақсатында қала бойынша автокөлік шығарындыларын өлшейтін 19 экологиялық пост орнатылған. Бұл посттар қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген болатын. Ақпан, наурыз айларында қайта қалпына келтірілді, - деді Герасименко.
Оған қоса, спикер ауа мониторингін жүргізу үшін қаланың әртүрлі бөліктерінде автоматтандырылған 10 пост орнатылғанын айтты. Жылдың соңына дейін соған ұқсас тағы 50 датчик орнату жоспарланған. Олар онлайн режимде ластану туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, қала тұрғындарына ауа сапасы жөнінде ақпарат беру қаланың 49 лед экранында жүргізіліп жатыр. 26 датчиктен түсіп отыратын ақпарат күніне үш рет жаңарып отырады.