25 Шілде 2026, 15:49 Фото: istockphoto.com

Алматы – Астана рейсінен мас күйдегі екі жолаушы түсірілді

Жолаушылардың бірі қоғамдық тәртіпті бұзса, екіншісі қайталанған құқық бұзушылық үшін сотқа жолданды.

Алматы – Астана бағытындағы рейске тіркелуге мас күйінде келген екі жолаушы ұшаққа жіберілмеді. Олардың бірі қоғамдық тәртіпті де бұзған. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады.

Оқиға Алматы әуежайында болған. Әуе компаниясы өкілдерінің актісі негізінде көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері екі жолаушыны рейстен түсірді.

Тәртіп бұзғандар Алматы қаласының 37 жастағы тұрғыны мен Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Екеуі де алкогольдік масаң күйде болған. Оның үстіне, олардың бірі былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Полицияның мәліметінше, жолаушылардың біріне қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Ол дәл осындай құқық бұзушылықты қайталап жасағандықтан, іс материалдары сотқа жолданды.

Екінші жолаушы қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бірден екі әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылды.

Екі азаматқа қатысты жиналған материалдар сотқа жіберілді. Оларға қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.