Алматы әкімінің есеп беру кездесуі кезінде қалай сұрақ қоюға болады?
Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру кездесуі онлайн форматта 17 ақпан күні сағат 10.00-де өтеді. Онлайн-трансляция әкімдіктің сайты мен «Алматы» ТА-ның әлеуметтік желідегі парақшаларында көрсетіледі.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарымен өтетін есептік кездесуінде мегаполистің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері мен жетістіктері, сондай-ақ 2021 жылға арналған даму жоспарлары туралы айтып береді.
Қала тұрғындары сауалдарды 1308 бірыңғай желісі арқылы жолдай алады. Сонымен қатар сұрақтарды 8 777 046 33 33 WhatsApp нөміріне жіберуге немесе есеп беру кездесуінің әлеуметтік желілердегі трансляцияның төменгі жағына қалдыруға болады. Оған қоса қала тұрғындары Zoom платформасы арқылы тікелей эфирге қосыла алады. Оның мекен-жайы эфир кезінде қолжетімді болады, - делінген ақпаратта.
Бұдан өзге санитарлық нормалары сақталған арнайы жабдықталған мына мекен-жайдағы мекемеге келіп сұрақ қоюға немесе ұсыныс қалдыруға болады:
Алатау ауданы – Алатау шығармашылық хабы, Нұркент ықшам ауданы, 5;
Наурызбай ауданы – Наурызбай ауданы әкімдігінің аппараты, Шұғыла ықшам ауданы, 347;
Әуезов ауданы – Әуезов ауданы әкімдігінің аппараты, 12-ықшам ауданы, 23;
Бостандық ауданы – Алматы Бас жоспары ғимараты, Абай даңғ., 90;
Жетісу ауданы – Жетісу ауданы әкімдігінің аппараты, Серіков көшесі, 2А;
Медеу ауданы – Республика сарайы, Достық даңғ., 56;
Алмалы ауданы – «Нұр Отан» партиясы Алматы филиалының ғимараты, Абылай хан даңғ., 79;
Түрксіб ауданы – Алматы Халықаралық әуежайының мәдениет үйі;
Бұл мекен-жайларда тұрғындардың сұрақтары немесе ұсыныстарын қабылдайтын арнайы жәшіктер орнатылады. Сонымен қатар, мәселелерді шұғыл шешіп және қарау үшін қоғамдық қабылдау бөлмелері ашық болады. Онда әкімдіктердің уәкілетті қызметкерлері тұрғындардың мәселелері бойынша жұмыс істейді.