15 Қыркүйек 2026, 12:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Алматы әкімдігінің қызметкері ЖИ көмегімен жалған есеп жасаған: Вице-министр пікір білдірді

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов Үкіметте өткен брифингте әкімдік қызметкерінің атқарылған жұмыс туралы жалған есеп дайындау үшін жасанды интеллектіні пайдалануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы әкімдік қызметкерінің қоқысты тазаламай, есепке жасанды интеллект көмегімен өңделген фотосуреттерді қосқаны туралы ақпарат тараған. Ол суреттерде қоқыс «тазаланғандай» етіп көрсетілген.

«Әкімдік қызметкеріне қатысты айтар болсам, мұнда жасанды интеллектінің кінәсі жоқ. Бұл жағдайда жасанды интеллект – құрал ғана. Жұмысты орындамаған адамның өзінен оның себебін сұрау керек. Ал ЖИ-ді игі мақсатта да, осындай мақсатта да пайдалануға болады. Бұған қосарым жоқ», – дейді Байтұрсынов.

Еске салайық, оқиға Алматы қаласының Бостандық аудандық әкімдігінде болған. Мегаполистің тазалығына жауапты қызметкер Левитан көшесіндегі қоқысты өз күшімен тазаламай, ол жердің «тап-тұйнақтай болып жиналған» сәтін ЖИ арқылы жасап, дайын суретті есеп ретінде өткізген.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары суреттің қолдан жасалғанын (дипфейк немесе ЖИ өнімі екенін) байқап қойып, бұл жағдай үлкен дауға ұласты. Кейіннен әкімдік бұл деректі растап, жалған есеп берген қызметкерді дереу жұмыстан шығарды.