Алматы әкімдігі онсыз да жұмыс істеп тұрған шамдарды неге ауыстырып жатқанын түсіндірді
Алматыда Жамбыл көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігіндегі көше шамдары жаңартылып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушысы ескі шамдар жұмыс істеп тұрса да, оларды ауыстырудың қажеті қанша екенін сұраған. Бұған Алматының Алмалы ауданының әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындар неге наразы?
Желі қолданушысы Жамбыл көшесіндегі шамдардың әлі де жанып тұрғанын айтып, оларды ауыстырудың қаншалықты қажет екенін түсінбейтінін жеткізген.
Жамбыл көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінде ескі шамдар жанып тұр. Сонда оларды да ауыстыра ма? Онсыз да жұмыс істеп тұрған дүниені ауыстырудың не қажеті бар? Одан да мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көпбалалы және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға, зейнеткерлер мен басқа да көмекке мұқтаж адамдарға берілетін жәрдемақыны көбейтсе ғой, – деп жазған ол.
Әкімдік не дейді?
Алмалы ауданының әкімдігі бұл аумақтағы жарықтандыру тіректерін жаңарту жұмыстары қаланың бірыңғай тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар кешкі уақытта көшенің жеткілікті жарықтандырылмайтынына қатысты бірнеше рет өтініш білдірген. Жұмыстардың жүргізілуіне осы шағымдар да себеп болған.
Қазір жаңа жарықтандыру тіректерін іске қосу және реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ескі тіректер жаңа шамдар тексеріліп, пайдалануға берілгеннен кейін ғана алынады.