Алматы әкімдігі Сац және Әуезов театрларының құрылысы туралы айтты
Бір театрдың құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады.
Алматыдағы Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратының реконструкциясы аяқталуға жақын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, аталған нысанның тапсырыс берушісі – Алматы қаласы Құрылыс басқармасы. Келісімшартқа сәйкес құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс болғанымен, мердігерлер жобаны жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтап жатыр.
Қазіргі уақытта нысан бойынша іске қосу комиссиясының актісіне қол қойылып жатыр. Яғни, құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында, – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратының реконструкциясына қатысты Алматы қаласы әкімдігі тапсырыс беруші емес екенін айтты.
Бұл нысан бойынша жергілікті атқарушы орган тапсырыс беруші болып саналмайды. Сондықтан аталған жобаға қатысты нақты ақпарат алу үшін тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінген жөн, – деді басқарма басшысы.
Еске салайық, Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Театрдағы күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталды. Жобаның тапсырыс берушісі – театрдың өзі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, реконструкцияның түпкілікті құны барлық жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады.