Алматы әкімдігі әлеуметтік нысандардың құрылыс мерзімін бақылауды күшейтті
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен қайта жаңғырту барысын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
№2 Педагогикалық колледждің қосалқы нысандарының құрылысы уақытында аяқталмаған. Құрылыс басқармасы мердігерді жауапсыз деп танып, айыппұл өндіру жөнінде сотқа талап арыз берді. Колледж аумағында оқу кабинеттері, зертхана, акт және спорт залы, асхана, сондай-ақ футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар жаңа стадион салынуы тиіс.
Компания бұл нысанды толық тапсырмайынша, жаңа тендерге қатыса алмайды. Егер заңбұзушылық қайталанса, лицензиясынан айыру қажет, – деді қала әкімі.
«Алтын Бесік» шағынауданындағы 120 орындық балабақшаның құрылысы инженерлік желілердің орналасуын өзгертуге байланысты кешіктірілген. Нысанды толық аяқтау қараша айына жоспарланған.
Ал №10 шағынаудандағы 160 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда мекемені ашуға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Әкім мектепке дейінгі мекемені сапалы жабдықтауға ерекше назар аударуды тапсырды.
Әкімдіктің мәліметінше, барлық нысанның құрылыс мерзіміне бақылау күшейтіліп, жұмыстар қатаң қадағаланады.