14 Қыркүйек 2026, 14:20 Фото: Фото: Threads

Алматы әкімдігі әл-Фараби даңғылындағы тұтас сызық не үшін салынғанын түсіндірді

Алматыда Esentai Mall маңындағы әл-Фараби даңғылында қозғалыс сызбасы өзгереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде алматылықтар әл-Фараби даңғылында өзгеріс болғанын байқаған. Олар көшеде тұтас сызық не үшін пайда болғанын жазып, сұрастырған. 

скриншот

Қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, бұл шара көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілердің жолақтарды ретсіз ауыстыруына жол бермеу мақсатында қолға алынған. 

Басқарманың мәліметінше, бұған дейін сауда орталығынан шыққан жүргізушілер бірден көршілес жолақтарға ауыса алатын. Соның салдарынан бірнеше көлік қатар маневр жасап, сол жақ шеткі жолаққа ұмтылатын. Бұл жолдағы қозғалыстың баяулауына және көліктердің біркелкі жүрмеуіне себеп болған.

Енді солтүстік бағытта Үшкемпіров көшесінен Есентай өзеніне дейінгі аралықта қозғалыс сызбасы реттелді. Сауда орталығынан шыққан көліктердің бірден жолақ ауыстыруына шектеу қойылып, бұл бөлікте тұтас жолақ сызықтары сызылды.

Жаңа тәртіп бірнеше көліктің бір уақытта маневр жасауын азайтып, көлік санын жолақтарға біркелкі бөлуге және осы учаскедегі қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Басқарма жүргізушілерден қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеріп, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтауды және Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерін басшылыққа алуды сұрады.