Алматы әкімдігі 100 жаңа автобус сатып алды

Алматы әкімдігі 100 жаңа Golden Dragon қалалық автобусын сатып алды. Қоғамдық көліктер тамыз айының соңына дейін қолданысқа беріледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

18 метрлік ұзын автобустарды магистральдық көшелер бойынша маршруттарға шығаруды жоспарлап отыр.

 Қаламыздың магистральдық көшелерінде жолаушылар көп. Сол себепті 18 метрлік автобустарды іске қосамыз. Бұл 37, 38, 38А номерлі маршруттар. Алдағы уақытта Төле би көшесі бойынша 201 маршрутты ұзартамыз, – деді «Алматыэлектротранс» пайдалану бөлімінің бастығы Исахан Иманбеков.

Барлық автобустарда жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін кондиционерлер мен қосымша бейнебақылау камералары орнатылған.

Биыл Алматыда аптап ыстық болғандықтан, автобустарда ауа жетпей, ыстықтаған жолаушылар тарыпынан шағымдар көп болды. Бір жолаушыға кондиционер ұнайды, екіншісіне ұнамайды, олар терезені ашқысы келеді. Сондықтан біз кондиционер жұмыс істеп тұрғанда, терезелер жабық болатындай автобустар қойдық, – дейді Исахан Иманбеков.

Автобустар айдың соңына дейін, оқу жылы басталғанша іске қосылады. Қазір қоғамдық көліктерге «Оңай» төлем жүйесі орнатылып жатыр.

 Қалалық автобустардан басқа әкімдік тағы 100 жаңа мектеп автобусының екі түрін сатып алды. Бірінші нұсқасында – 41 орын, екіншісінде – 21 орын. Біз сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін ескердік, сондықтан осы автобустардың әрқайсысында мектептің өкілдері болады, – деді «Алматыэлектротранс» пайдалану бөлімінің бастығы Исахан Иманбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы