Алматы академиясында генерал Рүстем Қайдаровты еске алды
Алматы, BAQ.KZ. ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында ішкі істер органдарына еңбек сіңірген қызметкер, ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, профессор, әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың еске алуға арналған іс-шара өтті.
Республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал Рүстем Қайдаров 2019 жылы желтоқсан айында ұшақ апатынан қаза тапқан болатын. Алматы академиясында оның туған күніне орай ұйымдастырылған кездесуге Қазақстан Республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен Р.Қайдаровтың туысқандары қатысып, академия тыңдаушылары мен курсанттарына Қазақстан полициясының аңыз адамына айналған генералдың өмір жолынан естеліктер айтты.
Салтанатты кездесуді ашқан ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы полиция полковнигі А.Сайтбеков генерал-майор Рүстем Есімханұлының ішкі істер органдарына сіңірген еңбегі жайлы баяндады.
Р.Қайдаровтың қызмет атқарған жылдардағы жетістіктері бүгінгі кездесуге келіп отырған болашақ офицерлер үшін үлкен өнеге. Рүстем Есімханұлы қатардағы тергеушіден ҚР Ішкі істер министрінің тергеу жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Осы екі аралықта ол ішкі істер органының қаншама маңызды сатысынан өтті. Семей облыстық ІІБ бастығының орынбасары, Жезқазған облыстық ІІБ бастығы, КСРО ІІМ-нің Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы бола жүріп, заң ғылымына да елеулі үлес қосты. Құқық тәртібі мен заңнамалықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі болды, - деді өз сөзінде академия басшысы А.Сайтбеков.
Кездесуде республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы генерал-майор М. Телегусов, оның бірінші орынбасары генерал-лейтенант Б.Сарсеков және Рүстем Есімханұлының жұбайы Аймен Қайдарова да сөйлеп, тыңдаушылар мен курсанттардың сұрақтарына жауап берді.
Генерал-майор Р.Қайдаровты еске алуға жиналғандар Алматы академиясында ашылған «Р.Қайдаровтың аудиториясында» болып, аудиторияның ашылуынан түсірілген бейнероликті тамашалады.