Алматыға дәрі-дәрмектің кезекті партиясы келді

Алматы, BAQ.KZ. Мегаполиске 16 шілдеде, кешкісін Үндістаннан жалпы салмағы 10 тонна болатын медикаменттер тиеген ұшақ келіп қонды. Ал 17 шілде күні, түнде Ресей Федерациясынан қажетті дәрі-дәрмектер тиеген ұшақ келіп жетті.

Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың хабарлауынша, Ресейден жеткізілген дәрі-дәрмектер арасында балалар мен үлкендерге арналған парацетамол, амоксиклав, меропенен және басқа да өте қажет дәрі-дәрмектер бар. Жалпы, 1 135 000 бірліктегі дәрі-дәрмектер жеткізілді.

Үндістан мен Ресейден жеткізілген жүк қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін дистрибьюторлық компанияларға тиесілі.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша препараттарды дереу рәсімдеу және сертификаттау бойынша барлық жағдайлар жасалған. Дәрілердің еш кедергісіз жеткізілуі қатаң бақылауға алынған. Бұдан өзге, Алматыда дәрі-дәрмектерді жеткізушілерге пайызсыз несие бөлу бойынша 5 миллиард теңге бөлініп, тұрақтандыру қоры құрылған.
29 маусымда ірі фармкомпаниялармен, дәріханалар желісімен меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде қажет дәрі-дәрмектер дер кезіне жеткізілуде. Халыққа керек препараттар тізбесі кеңеюде. Біздің алдағы жоспарымыз – қаланың барлық дәріханаларын дәрі- дәрмектермен қамтамасыз ету. Фармацевтикалық компаниялар қызметкерлері күрделі кезеңде тәулік бойына жұмыс жасауда. Айта кетерлігі, Алматы әкімдігі жеткізушілерге жан-жақты көмек көрсетуде. Түрлі әкімшілік кедергілер дер кезінде жойылып, көлікпен қамтамасыз ету және басқа да шаралар шұғыл іске асуда. Мегаполис басшылығы фармкомпаниялар, медикаменттер өндірушілер өкілдерімен үнемі байланыста, - деп атап өтті З. Сәлімбаев.

Жақын күндері қалаға үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмектер тиеген кезекті рейстер келетін болады. Айдың соңына дейін шамамен 6,5 млн қаптамадағы қажетті препараттар жеткізіледі деп күтілуде.

Сәлімбаев Ресейден келген жүктің гуманитарлық емес екенін айтты. Мұндағы дәрі-дәрмектер қала дәріханаларына бөлініп беріледі.
Интернетте гуманитарлық препараттардың сатылғаны туралы жалған ақпараттар тарауда. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені, гуманитарлық көмек ешқашан жеке дәріханаларға берілмейді, ол тек мемлекеттік ауруханаларға ғана бөлінеді, - деп атап өтті ол.
Еске салсақ, бұрындары Алматыға Ресейден 55 тонналық дәрі-дәрмектер екі рейспен жеткізілген еді. Бұл шамамен 3 млн қаптама, мұнда әлеуметтік маңызы бар 10-нан астам дәрі-дәрмек түрлері бар, оның ішінде қызуды түсіретін және COVID-19-ға қарсы препараттар. Яғни, тізімде азитромицин, цефтазидим, ибупрофен, фраксипарин, метронидазол, цефтриаксон, гепарин, нимесулид, левофлоксацин, меропенем порошогы, эноксапарин-бинергия және басқа препараттар болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы