Алматылық дәрігерлер 102 жастағы кейуанаға ота жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 102 жастағы Анна Назаровна Шестопалова ауруханаға сан сүйегінің күрделі субвертикальды сынуымен түсті. Кейуананың жасына қарамастан, травматологтар оған ота жасауды жөн көрді. Отадан кейін келесі күні Анна аяғынан тік тұрды.
Бізде мұндай жастағы науқастар болған жоқ, бірнеше жыл бұрын біз 96 жастағы зейнеткерге ота жасаған едік, қазір ол 103 жаста әрі денсаулығы жақсы. Анна апамыз да отадан кейін жақындарын қуантады деп үміттенеміз. Науқастың көңіл-күйі жақсы, әлі де күресуге дайын - дейді травматология бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Семёнов.
Әдетте мұндай оталар науқастың жасына байланысты аурулардың болуымен қиындай түседі. Ота жасау алдында біз анализдерді бақылап, науқасты дайындап, оның рұқсатын алдық. Бәрі ойдағыдай өтті, егер біздің көмегіміз болмаса, ол төсек тартып жатып қалар еді. Отаның өзі бар-жоғы 35 минутқа созылды - дейді травматолог Ахмед Даврешов.
Анна Назаровна өмір бойы бастауыш мектепте мұғалім болып жұмыс істеген, содан кейін ол Алматы облысында балабақша ашты, ауылдық округтің депутаты, халық сотының кеңесшісі болды. Оның үш қызы, бес немересі және жеті шөбересі бар.
Мен ота жасатудан қорықпадым. Менің ұзақ өмір сүруімнің себебі әрдайым мейірімді, ешқандай адаммен жанжалдаспай, барлығына тек жақсылық тілеп, бәрін жақсы көрдім, дұрыс тамақтанып, таза ауада көбірек уақыт өткізу керек және салауатты өмір салтын ұстану қажет - дейді кейуана.
Жалпы алғанда, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының травматология бөлімшесінде жылына әр түрлі 1500-ға жуық ота жасалады, дәрігерлер карантин кезеңінде күрделі қорғаныс шараларына қарамастан ота жасауды жалғастырды.