Алматылық 100 Нұрсұлтан 100 баланың арманын орындады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент күні аясында "Nur Otan" партиясының "Нұрсұлтан" есімді мүшелерінің ұсынысымен "Nur Otan" Алматы қалалық филиалы мен "Jas Otan" жастар қанатының қолдауымен "АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ" қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
"Нұрсұлтан" есімді 100 азамат "Армандар орындалады" брендтелген автобусында "Ақсай" республикалық клиникалық балалар ауруханасында 100 баланы мерекемен құттықтап, оларға өздері қалаған бағалы сыйлықтар табыс етті. Бұл медициналық мекемеде күрделі диагнозы бар балалар ем қабылдайды. Балалардың барлық тілектері алдын ала жиналған болатын.
Бүгін біз, "Jas Otan" белсенділері ауруханадағы балаларға барып қайттық. Мен өз есімімен мақтанамын. Есімім "Нұрсұлтан" деп танысқан кезде адамдар ерекше қабылдайды. Қазір еліміздің жастарында шексіз мүмкіндіктер бар, бұл Елбасының бірден-бір жетістігі деп білемін, - деп атап өтті акция идеясының авторы Нұрсұлтан Симбаев.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Алматыда бірқатар іс-шаралар өтуде. Партия белсендісі Нұрсұлтан Симбаев партия мүшелері атынан мереке аясында балаларды құттықтау бойынша ұсыныс жасады.
Бізбен хабарласып "Нұрсұлтан" есімді қалада қанша бала бар екенін сұраған болатын. Барлық акцияға қатысып отырған азаматтар осы бастамаға қолдау білдіріп, біз бүгін "Ақсай" республикалық балалар емханасына келіп отырмыз. Балалардың көбісі еліміздің әр аймақтарынан келген екен, кейбіреулерінің қасында ата-анасы жоқ. Олардың біразы осында жылдап емделуде. Емханадағы балалардың армандары алдын-ала сұрастырылған болатын. Міне "Нұрсұлтан" есімді 100 азамат балалардың көңілдерін бүгін бір көтерді, - деп атап өтті Алматы қаласы "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары C.Канкуров.
Елбасы саясатының арқасында еліміз тәуелсіздік алып, дамудың жаңа деңгейіне шықты. Елбасының антиядролық және бітімгерлік бастамаларын әлемдік қауымдастықтар мойындады. Н. Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін жүйелі түрде өткізуі сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік берді.
Шара соңында бірінші Президент саябағындағы акция қатысушылары қайырымдылық челленджін бастау арқылы қазақстандықтарға осы іс-шараны қолдап, науқас балаларға көмек көрсету туралы үндеу жасады.