Алмалылықтар жиі жарықсыз қалуда – әкім себебін түсіндірді
Соңғы уақытта Алматы қаласында электр қуатынының жиі сөнуі байқалып, тұрғындар наразылығын тудыруда. Алмалы ауданында жарықтың өшіп қалуына электр желілерінің қатты тозуы себеп болып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Арман Шамшин айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, кейбір кварталдарда инфрақұрылымның тозу деңгейі 80%-дан асады. Мысалы, Әйтиева көшесіндегі 51-үйдің аумағында орналасқан трансформаторлық подстанция — Ауэзов, Қабанбай батыр, Айтиева және Жамбыл көшелерін жарықпен қамтып отырған негізгі нысан. Биылдың өзінде бұл жерде 10-нан астам апатты сөну тіркелген.
Әкімдік “Алатау Жарық Компаниясымен” бірге нақты жоспар жасады. Тамызда бұл ауданда жабдықты толық ауыстырып, күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Жаңғыртудан кейін апат саны едәуір азаяды деп күтеміз, – деді Шамшин.
Сонымен қатар жарықтың сөнуіне маусымдық жүктеме де әсер етуде — шілденің аптабында кондиционерлердің жаппай жұмыс істеуі мен жалпы тұтынудың артуы энергожүйелерге шамадан тыс салмақ түсіріп отыр.
Кейбір подстанциялар жүктемеге шыдамай, шекті режимде жұмыс істеп жатыр, – деді әкім.
Жаңғырту жұмыстары АЖК-ның инвестициялық бағдарламасы аясында кезең-кезеңмен жүргізіледі деп сендірді әкімдік.