Алмалы маңындағы суды Жайыққа бұру жұмыстары жүргізілуде
Алмалыда жайылмаға шыққан өр суын Жайық өзеніне қайта қосу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ жедел штабқа сілтеме жасап.
Бүгін таңда қаладағы Алмалы ауылдық округіне қарасты 8 шаруашылықты округ орталығымен байланыстыратын жолды су шайып, шаруаларға қиындық келтірді.
Қазір жайылма суы Жайыққа кедергісіз қосу үшін уақытша салынған айналма жолды жыру жұмыстары жүргізілуде. Жайық өзені Алмалы ауылын 3 жағынан қоршаған еді. Ауылды сақтап қалу үшін ұзындығы 9 шақырымдай бөгет тұрғызылып, күндіз түні күзет ұйымдастырылған болатын. Сақтық шарасы әлі де күшінде. Бүгінде округке жауапты мекеме мен 50-ден астам сарбаз кезекшілік атқарады. Жалпы өзен бойындағы 17 елді мекеннің барылғында жауапты мекемелер белгіленген.
Негізінен жаға бекіту жұмыстары толығымен аяқталды. Қоршау сенімді, ауылға қауіп жоқ. Жайық өзенінен шыққан жайылма су ауылдың айналасына таралды. Сондықтан жайылма суды Жайыққа қайта жіберу үшін бөгеттерді жырып жатырмыз, - деді нөмірі 16-20 учаскелерінің координаторы Нұржауған Төлеуова.
Тасқын кезінде Жайық өзені 113 учаскеге бөлініп, судан қорғану жұмыстары жүргізілді. Әлі де 24 гидробекетте судың деңгейі бақылауда тұр. Сәуір-мамыр айларында облыстың су басу қаупі жоғары елді мекендерді қоршап биіктігі 8-11 метр болатын 523 шақырым бөгет соғылды. Алмалы ауылының айналасына 8,6 шақырым бөгет соғылды. Ауылда су деңгейі үнемі бақылауда, кезекшілер тәулік бойы жаға басында жүр.