Алма шаруашылығындағы алпауыттар
Өткен ғасырда Алматының апортын естімеген, тіпті дәмін татпаған жан болмаған шығар. Қазір атақты Алматы апортын қайта өсіруге күш жұмсалуда. Дегенмен, бүгінде біздің буын қырғыз, өзбек, қытай алмасын жеп өсіп келеді. Дастарханда да бұзылмайтын, кеппейтін шетел алмалары. Ал біздің сиверс алмасы деп ерекше атау беріп жүрген алмамыздың қызық тарихы бар. Алма туралы, Жамбыл өңіріндегі алма өсірушілер туралы аз-кем суреттеу.
Сонымен сиверс алмасын бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы Алакөлге келіп, Үржар маңындағы керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деп жазып, әлемге әйгілі қылған. Содан алманың атауы сиверс боп шыға келген. Дегенмен ол – алманың сорты, кәдімгі тау баурайында өсетін жабайы алма сорты.
Қазір әлем табиғи өнімдер мен жемістерді тұтынуды жөн көреді. Осы орайда алма өндірісінің елімізге берер пайдасын былай қойғанда, шаруашылықта алар орны да орасан. Қазір елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру жүйелі қолға алынып келеді.
Өткен ғасырдың екінші жартысынан аса уақыттағы (70-ші жылдар) жалпы егіншілік санағы бойынша ел аумағында 3851193 түп апорт ағашы болған делінген дереккөздерде. Ал оның сексен процентке жуығы тек Алматы облысының аймағында өсірілген көрінеді. Түрлі экономикалық-әлеуметтік қайшылықтар заманында елде алма өсіру жұмысы жыл сайын кенжелеп тасада қала бастайды.
Мысалы, 1984 жылы республикада 1 965 795 түп апорт алма ағашы өскен болса, ал Алматыда оның 1 418 988-i қалып, оның тең жартысынан астамы бұталып, оталып кеткен. Ал қазіргі жағдайда Алматы апорты аңызға айнала бастады.
Ауа райы қолайлы, қысы қатаң емес, табиғаты жайлы Жамбыл өңірінде де алма бағын өсіру мұнда кеңінен қолға алына бастады. Алма көшеттерін отырғызуға екі мыңыншы жылдары ден қоя бастаған Жамбыл өңірінде аймақтағы алма бақтардың көлемі 1145 гектарға жеткен. Ал бүгінде облыстағы алма бақтар қазіргі таңда 3456 гектарды құрап отыр.
Аймақта кең көлемдде алма еккен шаруалар жетерлік. Мемлекет қолдауымен және де өз беттерінше әрекет етіп, жеміс-жидек түрын егуді қолға алған шаруалардың шынайы еңбегі бағалауға тұрарлық.
Екі жыл бұрын Байзақ ауданындағы «Тараз оңтүстік бау-бақшалары» кооперативі 145 гектарға, Қордай ауданындағы «Азия сад» серіктестігі 70 гектарға интенсивті (үдемелі бақтар) алма бағын отырғызған. Ал Жуалы ауданында «Әділет» шаруа қожалығы 2000 жылдан бері айналысып келеді.
Бір кездерде Жамбылда мемлекет берген жаппай субсидия кезінде алма өсіруді бастап, қиындығына шыдамай орта жолда тастап кеткен шаруалар да болды. Бағбандар негізінен алманың нағыз өнім беретін шағы – төртінші жыл дейді.
Кезінде, 2014 жылы «Сады Востока» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ең алдымен әкімдік арқылы 117 гектар жер алып, шаруасын бастаған болатын. Кейіннен 24 гектар жерге интенсивті алма бағын салып, табысын арттырды.
Әуелі қоқыстарды тазарту жұмыстарымен бір жыл айналыстық. Бір жылдың ішінде 300 КамАЗ қоқыс шығарылды. Шаруаның бәрі ретке келіп, алма бағын салдық. 2016 жылы бұл жерден бірінші рет 400 тонна алма алдық, - деген «Сады Востока» ЖШС басшысы.
Өңірдің таулы аймағы Жуалы ауданына қарасты Қызыларық ауылдық округінде егін шаруашылығын ата кәсіп қылған "Дархан" шаруа қожалығы бүгінде елге танымал. Мемлекеттің қолдауы негізінде 60 гектарға алма көшеттерін еккен. Бұл шаруа қожалығы 2001 жылы жылы құрылған.
Әуел баста 300-400 гектар жерге ақ егіс пен картоп орналастырған. Кейін ағын су бар тұсты белгілеп, жаңа алма бақ егетін орын белгілейді. Қазірде аймақтағы айтулы шаруа қожалығы.
Негізінен, алма бақ толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан әрі жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар. Мұндағы ағаштардың бойы аласа болғанымен, ерте пісіп-жетіледі әрі жергілікті климатқа бейімделеді. Алма баққа отырғызуға 3-4 жылда өнім беретін "Золотой превосход", "Заря", "Бес жұлдыз", "Айдоред" сұрыптары таңдалды. Арасында апорт алмалары да бар. Жиналған өнімнің біраз бөлігі бақ басынан сатылса, қалғаны 600 тонналық жертөледе сақталады, – деп сұхбат берген шаруа қожалығының жетекшісі.
Осы тұста алма шаруашылығының тасын дөңгелетуге орасан үлес қосып жүрген шаруалар әр өңірден табылады.
Кәсіп түбі – нәсіп: ауылдағы алма бақ
Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге кешенді бағдарламалар негізінде субсидия берген кезде тиімді ұсынысты жүзеге асырған шаруаның бірі – қызылқайнарлық Әлімжан Айтназаров. Ауылдағы алма бақ жыл сайын жеміс беріп, шаруа еңбегі өтелуде.
Әлімжан Айтназаров Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылында алма өсіруді қолға алып, жергілікті отандық өнім өндірісіне елеулі үлес қосып келеді. Осыдан он екі жыл бұрын ақырындап басталған шаруасы бүгінде жемісін беріп, тұтас әулеттің игілігіне, табыс көзіне айналып отыр. Тек әулет қана емес, маусымдық кезеңдерде бір емес, бірнеше ауыл тұрғындарына жұмыс та беріп отыр.
Алма көшеті әуел баста атақты «Қапланбек» көшет егу орталығынан әкелінген. Он екі жыл бұрын егілген алма көшеттері бүгінде мәуелі баққа айналған.
Негізінен алманың үш сорты егілген мұнда. 2,5 гектар жерге егілген. Бір кездерде мемелекет алма егуге арнайы субсидия берген болатын. Сол уақытта бастаған шаруа еді. Негізгі мақсатым – жергілікті өнім өндірісін дамыту, - дейді Әлімжан Айтназаров.
Әлімжан бағбан алмадан бөлек, жүгері мен қызылша да еккен. Бүгінде күз түсіп, егіннің басын қайын қайырып, қамбасын толтырған шаруаның әлі атқарар жұмысы шаш-етектен. Келер жылы биыл күйі келмеген алма бағын қайта реттеп, жерін өңдеп, бұйыртқан жемісін теруге нәсіп қылып отыр.
Сонымен қатар, ауыл әкімі Төрехан Тапжанов шағын ауылда шағын кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келе жатқандығын тілге тиек етті.
Қазіргі таңда біздің округте 51 шаруа қожалығы, 17 кәсіпкерлік нысан бар. Биылдың өзінде 5 кәсіпкерлік нысан өз жұмысын бастап кетті. Атап айтар болсақ, жем өндірісі, монша бизнесі, дүкендер желісі сынды кәсіпкерлік нысандар ашылды, - дейді ауыл әкімі Төрехан Тапжанов.
Бүгінде мемлекет егін шаруашылығын, яғни ауыл шаруашылығын өрістетуге кеңінен жағдай жасауда. Отандық өнім мен өндірісті қолдауға бағытталған шаралардың негізгі мақсаты көп: ауыл шаруашылығын кеңейту, экономикалық түсміді арттыру және ең бастысы, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Шаруалардың шаруасын тіктеп, жыл он екі ай төккен тері мен табан ақы еңбегін желге ұшырмай, далада қалдырмау – аталмыш сала құлағын ұстаған биліктегілерге сын болмақ.