"Алма-Арасанға" апаратын жол уақытша жабылады

2025 жылы 3 маусым мен 3 шілде аралығында "Алма-Арасан" – термалды бұлақ туристік бағытын жаңарту жобасының екінші кезеңі аясында "Алма-Арасан" маңындағы автотұрақтан термалды бұлаққа дейінгі жол уақытша жабылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Шектеу бұлақ жағынан "Қыздың көз жасы" сарқырамасы мен "Терра" алқабына баратын жолға да қатысты болады.

Бұл шаралар келушілер үшін құрылыс-монтаж жұмыстарының қауіпсіз әрі ыңғайлы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр. Екінші кезең аясында ескі көпір құрылымдарын бұзып, жаңасына ауыстыру, жаңа соқпақтар, баспалдақ элементтері мен көріктендіру нысандары орнатылады, - делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.

Айта кетейік, 2025 жылы 12 мамырдан бастап алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Тау бөктері қауіпті тастан тазартылып, қорғаныш тор орнатуға арналған анкерлік құрылымдар қойылды, соқпақтар көріктендіруге дайындалды.

Жұмыс жүргізіліп жатқан кезде, жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері де жол толықтай жабық болады. Жөндеу жұмыстарын 2025 жылы 31 шілдеге дейін (ауа райына байланысты мерзім өзгеруі мүмкін) аяқтау жоспарланған.

Әкімдік мәліметінше, жобаның мақсаты – қазіргі заман талабына сай қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық тұрақты туристік бағыт қалыптастыру.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан "Алма-Арасан" аумағында серуендеу мен экскурсияны жоспарлау кезінде енгізілген уақытша шектеулерді ескеру сұралды.

Айта кетейік, Алматыдан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан Алма-Арасан шатқалы – табиғатпен тыныстағысы келетіндер үшін таптырмас мекен. Биік шыршалар, сарқыраған тау өзені, шипалы бұлақтар мен таза ауа – бәрі бір сәтке күнделікті күйбеңнен алыстатып, табиғатпен үндестік сыйлайды.

Қазақстанға іссапармен келген Орталық Азия және Қытай журналистері ерекше шатқалды аралап, табиғатпен тілдесуге мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы