Аллергиядан қалай құтыламыз - аллерголог маман кеңес береді
Көктем келісімен көпті сергелденге салатын аллергияның түрлері мен одан құтылу жолдары туралы аллерголог маманмен әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айнала жасыл желекке бөленіп бастады. Сол жасылмен бірге көптеген адамның аллергиясы шығып, сергелдеңге түсіріп жатады. Бүгінде жер бетіндегі әрбір бесінші адам аурудың осы түрімен ауырады екен. Ал олардың саны жыл сайын 20-30%-ға өсіп отыр.
Аллергиясы бар адамдар көбіне оны салқын тиюмен шатастырып, емді кеш жүргізіп жатады. Өкініштісі сол, ол жыл сайын үдеп, ұлғая түседі. Осы тұрғыда аллерголог- иммунолог маман Дәурен Ташеновпен сұқбаттастық.
Дәурен мырза, аллергияның бүгінде қанша түрі бар және оны қалай анықтаймыз?
- Аллергияның көптеген түрлері бар. Олар: респираторлық, тағамдық, дәрілік, байланыс, жәндіктердің шағуына байланысты болатын аллергия. Аллергияның түрлері қан анализін тапсыру арқылы, тері сынақтары және арандатушылық сынақтар арқылы анықталады.
Ал ол қай кезде асқынады?
- Аллергия аллергенмен байланысқанда күшейеді. Яғни егер сізде тозаңға маусымдық аллергия болса, көктем, жаз айларында ағаштар мен шөптердің гүлдену кезеңінде өрши түседі. Ал үй шаңына аллергияңыз болса, оның симптомдары жыл бойы болуы мүмкін.
Қазір аллергия жасы жасарған. Яғни жаңа туған сәбилерден де анықталып жатады...
- Иә, расымен де солай. Аллергияны 21 ғасырдың эпидемиясы деп атап жүрміз. Қазіргі уақытта аллергиялық аурулардың көбеюі байқалады. Бұл негізінен урбанизацияға байланысты. Табиғатпен қарым-қатынастың болмауы, гигиенаны шектен тыс сақтау, антибиотиктерді, антисептиктерді кеңінен қолдану, қоршаған ортаның ластануы аллергияның дамуының қауіп факторлары болып табылады.
Қалай алдын аламыз?
- Мысалы, жүктілік кезінде ананың құнарлы тағамдар жеуі, әр түрлі диетаны ұстауы, кесар тілігін жасамау, антибиотиктерді/антисептиктерді шектеулі қолдану деген секілді. Баланы 4-6 айға дейін тек ана сүтімен емізу, балаларға қосымша тағамдарды уақтылы енгізу, үйде және баланың жанында темекі шегуден аулақ болу, үнемі табиғатпен, топырақпен, жануарлармен байланыста болу керек.
Жалпы аллергиядан түбегейлі арылудың жолы бар ма?
- Аллергенмен байланыс болдырмау арқылы аллергиядан құтылуға болады. Бұл мүмкін болмаса, антиаллергиялық препараттар және аллергенге спецификалық иммунотерапия (АСИТ) қолданылады. АСИТ - аллергиялық ауруларды емдеу әдісі болып табылады, онда себеп-салдарлы маңызды аллергеннің микродозалары денеге енгізіледі.
Кей адамдар дәрілік препараттарды қабылдап жатады. Бұл кері әсерін тигізбей ме?
- Аллергияға қарсы препараттар әдетте қауіпсіз. Дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт қолдану мүмкін. Көптеген дәрі-дәрмектер жүкті әйелдерге рұқсат етілген. Бірақ кез келген препаратты қабылдау емдеуші дәрігердің бақылауында болуы керек.
Сұқбат соңында оқырманға қандай кеңес бересіз?
- Әрине алдымен дұрыс тамақтану керек. Иммунитетті көтеретін дәрумендерге бай тағамдарды қолдану керекпіз. Таза ауада серуендеуді әдетке айналдырып, бірақ қала сыртына, өсімдігі көп жерге, шаңға кһп шықпауға кеңес беремін.
Сұқбатыңызға рақмет!