Бүгiн 2026, 15:52 Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығының баспасөз қызметі

Аллергия ма, әлде тұмау ма: Дәрігер шатастырмаудың жолын айтты

Көктемде жиілейтін аллергияның белгілері, диагностикасы және тиімді ем жолдары туралы дәрігер кеңесі.

Көктем біреулер үшін – жылылық пен гүлденудің мезгілі, ал енді біреулер үшін тоқтаусыз түшкіру, мұрынның бітелуі мен көздің жасаурауы басталатын кезең. Көп адам мұны жыл сайын қайталанатын тұмау деп ойлап жүре береді. Шын мәнінде, бұл аллергия болуы мүмкін. Аллергия бұрын болмаған адамның өзінде неге пайда болады? Оны қарапайым тұмаудан қалай ажыратуға болады және қазіргі диагностика мен емдеу тәсілдері бұл дертпен қалай күресуге көмектеседі? Осы және өзге де маңызды мәселелер туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты дәрігер-аллергологы Ботагөз Дәулетова айтып берді.

- Ботагөз Мәлікқызы, көктемде көп адам түшкіріп, мұрны бітеліп, көзі қыши бастайды. Бұл аллергия ма, әлде жай ғана тұмау ма – қалай ажыратуға болады?

- Ең басты айырмашылық – себебінде. Жұқпалы ринитті вирустар мен бактериялар тудырады, ал аллергиялық ринит аллергенмен байланысқа түскенде пайда болады. Сондықтан аллергия кезінде дене қызуы көтерілмейді, улану белгілері болмайды. Жалпы жағдай тек ауыр асқынған кезде ғана нашарлауы мүмкін.

Тағы бір маңызды белгі – маусымдық сипаты. Егер адам жыл сайын, мысалы сәуір айында, мұрын бітеліп, көз жасаурай бастайтынын байқаса, бұл көбіне дәл осы кезеңде гүлдейтін ағаштардың тозаңына аллергия болуы мүмкін.

Аллергия бұрын болмаған адамның өзінде пайда болуы мүмкін бе? Неліктен?

Аллергия – көбіне тұқым қуалайтын ерекшелік. Кей жағдайда ол кейін пайда болған иммундық сезімталдық ретінде де көрінуі мүмкін. Ол үшін аллергенмен ұзақ уақыт байланыста болу қажет. Аллергиялық қабыну түрлі себептерден – мысалы, вирустық инфекциядан, қатты шаршаудан немесе тері мен шырышты қабықтардың қорғаныш қасиеті әлсіреген кезде қозуы мүмкін. Сол кезде аллергия белгілері айқын байқала бастайды.

- Неліктен өз бетімен емделмей, нақты аллергенді анықтау маңызды?

- Өйткені емнің тиімділігі нақты қандай аллерген әсер етіп тұрғанына тікелей байланысты. Сол себепті алдымен диагностикадан өтіп, себеп болған аллергенді анықтап алған дұрыс. Содан кейін ғана ем тағайындалады.

Көп жағдайда, шамамен 80–90 пайызда аллерген-спецификалық иммунотерапия тиімді болады. Оның мәні – аллергенді ағзаға ауру қозбаған кезде, мысалы қыста, аз мөлшерде енгізу. Осылайша АСИТ-терапия курсы басталады. Нәтижесінде иммундық жүйе «үйреніп», сол аллергенге басқаша жауап бере бастайды. Сондықтан нақты аллергенді дәл анықтау өте маңызды.

- Қазіргі таңда ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында аллергияны қалай анықтайды?

- Біз әртүрлі әдістерді қолданамыз. Қайсысы нақты пациентке тиімді екенін дәрігер қабылдау кезінде анықтайды.

Ауруханада тері сынамалары жасалады. Сонымен қатар ИФА әдісі арқылы қан талдауы алынып, аллергендерге арналған диагностикалық панельдер қолданылады. Бұл әдістердің айырмашылығы бар, бірақ екеуі де аллергия тудыратын нақты факторды анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл не үшін қажет? Біріншіден, адамның қай айларда аллергиясы күшеюі мүмкін екенін білеміз. Екіншіден, дұрыс емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі. Ең бастысы – АСИТ-терапияға қажетті препаратты дәл таңдауға мүмкіндік береді.

- Тері сынамасы қалай жасалады және қаншалықты тиімді? Қарсы көрсетілімдер бар ма?

- Тері сынамасы – ең көп таралған әдістердің бірі. Ұзақ жылдан бері қолданылып келеді, әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірақ оған белгілі бір шектеулер бар.

Бұл сынамалар тек ауру басылған кезде жасалады. Яғни аллергия асқынып тұрған кезде немесе тері зақымданғанда жүргізілмейді. Сонымен қатар пациент сынама алдында аллергияға қарсы дәрі қабылдамауы тиіс, өйткені нәтиже қате шығуы мүмкін. Тозаңға байланысты сынамалар тек қыс мезгілінде жасалады.

- Қан талдауының айырмашылығы неде?

- Қан талдауының артықшылығы – оны кез келген уақытта, науқастың жағдайына қарамай жүргізуге болады. Тек гормондық дәрілер қабылданған болса, нәтиже бұрмалануы мүмкін.

Қазір дәрігерлер де, пациенттер де осы әдісті жиі таңдайды. Себебі бірден көптеген аллергенді тексеруге болады. Ауруханада ингаляциялық және тағамдық аллергендерге арналған панельдер бар.

Мысалы, ингаляциялық панель арқылы тозаңға, жануарларға, үй шаңына және зеңге аллергия тексеріледі. Ал тағамдық панельде күнделікті қолданылатын 44 түрлі өнім қамтылған. Аралас панельдер де бар.

Қай әдіс қажет екенін дәрігер қабылдау кезінде анықтайды. Пациентпен бірге ең тиімді жол таңдалады.

- Аллергияны анықтау емдеуге қалай көмектеседі?

- Аллергенді нақты білсек, алдын алу шараларын жасауға болады – мысалы, дәріні алдын ала бастау немесе белгілі бір тағамдардан бас тарту.

Сонымен қатар бұл АСИТ-терапияны қолдануға мүмкіндік береді. Бұл – аллергенді аз мөлшерде енгізу арқылы ағзаны үйрететін ерекше ем тәсілі. 2–5 жыл ішінде иммундық жүйе сол аллергенге төзімді бола бастайды.

Мысалы, тозаңға аллергиясы бар адамдар қыс бойы ем қабылдап, жазда еш қиындықсыз табиғатқа шығып, еркін жүре алады.

- Маусымдық аллергиясы бар адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең маңыздысы – уақытында дәрігерге қаралу. Заманауи диагностика мен емдеу тәсілдерін қолдану арқылы әр адамға жеке ем тағайындауға болады.

Аллергия уақыт өте келе кеңеюі мүмкін. Бастапқыда тек тозаңға реакция болса, кейін үй шаңына, жануар жүніне, зеңге де әсер етуі мүмкін. Уақытылы ем бұл үрдісті тоқтатуға көмектеседі.

Ең бастысы – емделмеген аллергиялық ринит кейін бронхиалды астмаға ұласуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде емделу – болашақтағы ауыр дерттің алдын алады.

- Әңгімеңізге рахмет!