Алладан туған күнімде маңайым толған жыр екен – Жұлдыз Бейсек
«Жұлдыз Бейсектің ақ жібектей жырлары кәусар тазалығымен, шынайы мейірімділігімен баурайды. Оның сөзбен сурет сала білетіндігі, сезіммен ой тұңғиығына бойлай білуі – шын талантқа тән айқын сипат» деп баға берді ақынға ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш АХМЕТОВА. Иә, біз сұхбат құрған Жұлдыз Бейсек – Жамбылдың мақтанышы.
Жұлдыз Бейсек 1987 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. «Іңкәр–Ғазал», «Мен сенің көктеміңмін», «Сүйші...» кітаптарының авторы.
Көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабеков атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты; Республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. 2017 жылы өткен Астана рухани жастарының «Еңселі елім, байтағым» байқауының «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы. Оның өлеңдері әзербайжан, испан, түрік, қырғыз тілдеріне аударылған. Өзі де әзербайжан ақындарының жырын қазақ тіліне аударып, рухани ынтымақтастық жолын жалғап келеді. Бала Жұлдыздың жырын оқыған жұрт қазір дана Жұлдыздың, ана Жұлдыздың жырларын іздеп жүріп оқиды. Үш перзентіне аяулы ана, еріне сүйікті жар, қоғамдық істің басында жүріп, қалам ұстап, қағаз кемірген ақын жүрегі әрдайым алаңдаулы. Оқырман назарына жүрек сөзін жазып жүрген Жұлдыз ақынмен сыр-сұхбатты ұсынамыз.
– Қазақ әдебиетінде қалам ұстаған қайраткер һәм қаламгер арулар аз емес. Бірақ, көп деп те айта алмаймыз... Неге көп емес? Жамбыл жұрты сізді ең алдымен жасөспірім оқушы, бұла бойжеткен, аяулы ару деп таныды. Қазір қазан қайнатып, ошақ түтеткен, ұрпақ өсіріп отырған ақ жаулықты анасыз. Ақын-әйел болғанның жауапкершілігі қандай? Жалпы Жұлдыз ақын өлеңді қалай жазады, қай уақытта үлгереді?
– Аяулы Әулиеатаның ардақты өлең сүйген, өнер сүйген жұртшылығына сәлем берейін.
— Арқамызда, өлеңнің жүгі жүрсін,
Жұрт оны бірі білмей, бірі білсін.
Ас үйде шәй-қазанмен бірге қайнап,
Әйелдің өлең жазған түрі құрсын, - деп Оңайгүл апамыз айтпай ма, десек те:
— Өлең, сен періште шығарсың,
Қайрылып келіп тұратын.
Өлмеуі үшін ішімде,
Өкініші көп бір ақын, — дейді Жанна.
Өлең деген өрт пен ошақтың отына бірге жылынып жүрген қандай ғанибет. Тәңір сыйы.
«Алладан туған күнімде маңайым толған жыр екен
Жүректе жатты қаламым ұстаған Абай, Жұмекен...
Тас соқыр түнде айға ұшып көз ілмей сыбыр-күбірден
Шырағдан болып қос жанар жырымды оқып тұр екем...
... Іңгәлап «жыр» деп туылғам...
Құрсақта біткен қасиет
Табытқа жыр боп құйылам
өлең боп және өлемін!» деппін 18 жасымда.
Жанымның жарасын жазып жүрген өлеңге мен қарыздармын, әсілінде. Қара өлеңнің қасиетін танып, жазып кеткен Мұқағали ақын өлеңнің қалай туылатынын тайға таңба басқандай жазып кетті ғой, бәрімізде сол ғой. Бәріне үлгеріп жүрмін деп ауыз толтырып айта алмаймын, дегенмен ақырындап уақыттың қадірін білетін жасқа келгендіктен, ең басты байлығымызды тиімді жұмсауға үйреніп келемін.
– Қазақ поэзиясында ел іздеп жүріп жырын жатқа оқитын алдыңғы буын ақын қыздар бар. Атап айтсақ, "Поэзия патшайымы" деп Фариза апамызды, "Поэзия аққуы" деп Марфуға Айтхожинаны, "Жайықтың ақ шағаласы" деп Ақұштап Бақтыгерееваны, "Қазақтың Қанипасы" деп Қанипа Бұғыбаеваны, "Қазақ поэзиясының ақ гүлі" деп Күләш Ахметованы таниды. Өлең оқып жүрген оқырман үшін сіз де нәзік лирика авторысыз. Өзіңіз үлгі тұтатын ақындар поэзиясы жайында айтып өтіңізші?
– «Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме дұшпаным?» деп жырлаған Күләш апам әрдайым мені қолдап, ақылын айтып алға басуға, ілгерілеуге күш-жігер беріп отырады. Күләш апамыз — бүгінгі қазақтың қалам ұстаған қарлығаштарына үлгі-өнеге. Апамыз ошақтың отын түтете отырып, бір қолында қазаны, бір қолында қаламымен жүректерді жырмен емдеген, өлеңмен тербеген керемет талант иесі. Күләш апайымды мен мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап құрмет тұтып, аса қадірлеймін. Біздің Үшарал ауылына Қайырбек аға екеуі келіп, жыр кешін өткізгені әлі есімнен кетпейді. Сол кеште сахнаға шығып өлең оқығаным — мен үшін тарихи сәт болды. Кешкісін Күләш апамды жақыннан көрмек болып, үйіне бардым. Қолымда өлең жазып жүретін қалың дәптерім бар. Жүрегім алып-ұшып кіріп келдім. Үйдің іші қараңғы болып тұрды. Кірген бойда «Сәлеметсіз бе, апай! Мен, Жұлдызбын ғой! Сізге өлең оқып беруге келдім. Жарықты жақсам бола ма?» деп сұрадым. Апайым: «Қан қысымым көтеріліп кеткен еді, жарықты өшірдік, ауырып тұрмын» деді. Қапелімде асып-саспаған мен жатқа өлеңімді оқи жөнелдім. Тас қараңғы болғаны жақсы болды ма деп те ойлап қоям, қысылмай-қымтырылмай өлеңімді оқып бердім деп. Кенет апайым: «Жарайсың, жақсы айналайын! Рухың биік екен, әлі талай биіктерден көрінетініңе сенімім мол» деп ақ тілегін арнады. Алғысымды жеткізіп, ерекше сезіммен үйге қайттым.Сол түні ұйықтай алмадым, сол көрініс әлі бүгінгі күнгідей көз алдымнан кетпейді. Апайымның сол сөзі әлі күнге дейін мені жігерлендіріп, алға ұмтылуыма күш береді. Ең алғашқы «Іңкәр-Ғазал» атты кітабымның алғы сөзін де Күләш апайым жазды. Алла ақын апамызға ғасырдан да ұзақ ғұмыр берсін! Ақын, сазгер Үміт Битенова әпкеміз де өнер әлеміндегі өзіндік қолтаңбасымен халықтың қошеметіне бөленіп келе жатыр. Сан қырлы талант иесі Үміт әпкеміздің өмір жолы да қазақ қыздарына үлгі.
Есенғали ағамыз «Әйелден ақын шықпайды, әнші не күйші болмаса...» дегенде ақындықтың қыз баласы үшін ауыр жол екендігін меңзеп тұр. Қоғамдағы түрлі көзқарастарға қарамастан, ошағын жағып, отбасын сақтап, Отанына кішкентай болса да үлесін қосып отырған әрбір талантты қыз баласы мақтауға тұрарлық деп білем.
– Әулиеата өңірінде қалам ұстаған арулар көшін өрге сүйреп келесіз. Біздің буын, яғни бүгінгі әдебиетте сізге жақын, ой-санамен сырласа, сыйласа алып жүрген өскелең буыннан ақын сіңлілеріңіз бар ма?
– Тараздың тасын түртсең, тарихы сөйлеп кететін киелі мекен болғандықтан, Жамбыл облысы ақындарға бай өлке. Ақын сіңілілерім бұл күнде өте жақсы өсіп келеді, көптігі қуантады. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Көзі қырағы оқырман өзі қазы, кімдердің өлең өлкесінде қанатын қаққан қарлығаштай ұшып келе жатқанын анық біледі. Осы тұста, мен поэзия падишасы — Фариза апамызбен болған әңгімені айтып бергім келіп отыр. Студент кезім. Ақын ағамыз Азамат Есалының Таразда кеші өтетін болды, ол шараға ақынды қолдап сонау Астанадан Фариза Оңғарсынова апамыз да келді. Фариза апамыз келеді дегенге алып-ұшып мен де келдім. Ас-су ішіп болған соң, Азамат ағамыз жас ақындарды таныстыра бастады. Кезек маған келгенде көп қысылмай, дастархан басында Фариза апамызға өлеңімді оқи жөнелдім. Фариза апам өлеңді не үшін жазасың деп сұрады. Мен іркілместен: «Сіз сияқты ақын болғым келеді» деп қойып қалдым. Кенет апамның ойына бір әңгіме түсіп кеткен болуы керек, ойланып отырды да, маған тесіле қарап отыра: «Ертеде бір ханның әйелі болған екен. Өте сұлу, көркіне ақылы сай, талғаммен киінетін көрінеді. Бір рет басына тағылған орамал үлгісімен келесі отырысқа бармайды екен. Әр кездесу, әр отырысқа, әр күні әр түрлі орамалмен жаңа үлгіде тағады-мыс. Бір күні бір басқосуға келсе, бір әйел тура өзі сияқты орамалды тағып келіпті. Ашуға булыққан хан әйелі қолына ұзын ағаш алып әлгі әйелдің басындағы орамалды жұлып алыпты да: «Екінші мәрте бұлай тағушы болма» деп қатаң түрде ескерту жасапты» деп әңгімесін аяқтады.
Мен Фариза апамның айтпақ ойын бірден түсіндім. Сол кеште өлеңдерімді талдап, ақ жол тілеп, батасын берді.
– Жалпы өлең жазуда, жазу өнерінде біреуге еліктеу, біреуден үйрену деген қалыпты құбылыс па?
– Алғаш қолыңа қалам алғанда өзіңнен үлкен аға буын өкілдерінің жырын оқу, жазуын зерттеу, өміріне қызығу, жүрген жолына үңілу, әрине, қалыпты құбылыс. Дегенмен, өнер әлемінде, жыр айдынында болсын өзіндік қолтаңбаңды қалыптастырып, тыңнан түрен салуға ұмтылу керек. Нағыз талант — ешкімге ұқсамай, өзіндік болмысымен ерекше, өзгеше жаза алуы тиіс.
– Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа, - дейді Мұқағали ақын. Ақын Жұлдыздың жырлары қалай жазылады?
– Жырларым — кейде жарқырап тұрған күн секілді керемет көңіл күйде немесе жаңбырлы күндей жабырқаған сәттерімде қағазға түседі.
Сүйеніп тұрып, сүріндім,
Көкірек керіп, жығылдым,
Жарқылдап жүріп тығылдым,
От болып лаулап, жылындым,
Көсіле шауып бұрылдым.
Оралды ойға бұрынғым
Сүйемін дедім суыттым
Желкілдеп желіп ұрындым.
...Кетті, келді,
Туды, өлді...
Бір Аллаға сыйындым.
Жүрегіме жүгіндім
Безер едім бес күннен
Пай-пай, өлең, қиылдың!
Бір сөзбен айтқанда, өлең — жанымды емдеп, жүрегімді тыныштыққа бөлейді.
– Жамбылдың жұлдызы Жұлдыз Бейсектен мәртебелі оқырман үшін бір тамаша жыр сұраймыз...
– Бірде кітапханашы апайлардан «сіздің кітаптарыңызды іздеп жүріп оқитын оқырмандар тек Жамбылда ғана емес, басқа облыстарға шыққанда сіздің кітаптарыңызды сұрайды» деген жақсы пікірді естіген едім. Осы сәтті пайдалана отырып, сүйікті оқырмандарыма шексіз алғысымды білдіргім келеді. Аман жүріңіздер! Менің балаң жырымнан бастап әр басқан қадамымның тілеуқоры – көне Тараз – көрікті Тараз туралы жыр оқымау мүмкін емес.
Жаз қалам менің, мәз қалам менің, Таразым,
Жұлдыздай жаухар арманым болып жанасың
Балалығымды қойныңа тығып қуанған
Жер бетіндегі тек жалғыз өзің ғанасың.
Жайдары қалам, жап-жасыл шуақ мекенім.
Балдан да тәтті алуамбысың, шекерім?!
Қанатым қағып, алысқа ұшып кетсем де,
Балам деп мені жер бесігіңе бөледің.
Өзің дегенде өзекте маздап жанады от,
Қала боп сұлу жалт еттің кейде дала боп.
Түйір тасыңды алтын-күміске бермеймін,
Жүміле ғаламым! Әлемде сендей қала жоқ!
Гүл басқан қалам, сырласқам талай шөбімен
Адасқан жапырақ, сыңсыған желге серік ем.
Ауаңды жұтып өскенім үшін қарызбын,
Қаламым сынып кеткенше жазам сені мен.
Күн ғашық болған, нұрланып толған киелім,
Домбырам сенсің, бола алсам етті тиегің.
Өзіңе деген махаббатым ғой мәңгілік,
Құмыңды сүйіп жатады, өлсем сүйегім.
Сонымен қатар, ақын тілі оттай ыстық болғанмен, көңілі қылдай нәзік келеді емес пе... қоғамда, әлемде болып жатқан жақсылы-жаманды оқиғаның бәрін ақын жүрек өкзінен өткізеді. Жаны ауырады сондай бір көңілдің тұнжыраған кезінде жазылған жырды оқып берейін.
Мен шүкір етейін таңыма әр атқан,
Бүршігін бүркеші сандалған сан оқтан.
Құрсағымдағы пәк сәбидей сүйемін,
Елімді сақташы,
Жерімді қорғашы
Жаратқан!
Құмырсқа, ұшатын құстың да мұңы бар,
Қайғыдан сан соғып аққан су ұрынар...
Алақан сияқты жер беті ең үлкен,
Шүбәсіз
Сәждеге бас қойып өзіңе жығылар.
Өксігін баса алмай өлкем тұр бозарып,
Тасыңды сүймесең, топырақ тозады ұқ!
Жетіммін деп жылар Қорқыттың қобызы,
Бес елі соры мен көзінің жасына оранып.
Сынығы қалмаған шақ па бұл асылдың?
Мен-дағы Каспийдей шарқ ұрып басылдым.
Елім деп еңіреп кеткендер, кешіңдер,
Адамы айлакер 21 ғасырдың!
Жеті жұт,
Жетімнен,
табиғи апаттан,
Сынақтан,
Майданнан
шейіттің қаны аққан...
Мен қандай болса да сүйем бұл әлемді,
Елімді сақташы,
Жерімді қорғашы,
Жаратқан!
– Жұлдыз ақын, шығармашылық табыс тілейміз. Жазарыңыз көп болсын!