"Алладан тілеп алғам". Белгілі ақын Сара Тоқтамысова жалғыз қызының суретін жариялады

Белгілі ақын, Дарын Жастар сыйлығының лауреаты Сара Тоқтамысова қызының суретін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол осы сәбиін жолдасы екеуі Меккеге барып, Қағбаны айналып, алақандарын жайып, Алладан тілеп алғанын айтып өтті.

Бисмиллях! Ал, танысып қойыңыздар, Сүйкімді Есілқызы️. “Машалла” деп қойыңыздар. Біреуге тілеген дұғаң, жасаған жақсылығың еселеніп өзіңе қайтатынын ұмытпаңыз. Аллаға сансыз мадақ! Алла ұлық! Жолдасым екеуміз Меккеге барып, Қағбаны айналып алақанымызды жайып, Алладан тілеп алған қызымыз ғой. Бүгін қызығын жақындарымызбен бөлісіп жатырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар Сара Тоқтамысова күйеуімен ара-қатынасы туралы айтты. Ол жолдасы екеуі әр түрлі қиындықты да, сынақты да көргенін, бірақ береке-бірліктің арқасында осы күнге жеткендерін жасырмады.

Отбасы деген қара орманда түрлі-түрлі сүрлеулі жолдар бар. Сол жолдарды жұбайлар қол ұстасып, бір-біріне қолдау болып жүре алса ғана адаспайды. Жемісін жей алады. Жолдасымыз екеуміздің де жолымыз түп-түзу даңғыл болған жоқ. Әр түрлі қиындықты да, сынақты да көрдік. Әлхамдулилля, береке-бірліктің арқасында осы күнге жетіп отырмыз, - деді ақын қыз.

Бұдан бөлек Дарын Жастар сыйлығының лауреаты “Ұл тумадым” немесе “қыз тумадым”, “төрт қыз боп кетті” немесе “бес ұл боп кетті” “Бала тумай жатырмын” деген күпіршіліктен аулақ болу керек екенін атап өтті.

Бір нәрсені ескерткім келеді. “Ұл тумадым” немесе “қыз тумадым”, “төрт қыз боп кетті” немесе “бес ұл боп кетті” “Бала тумай жатырмын” деген күпіршіліктен аулақ болайық. Біз үшін ненің және қашан қайырлы болатынын Алладан артық ешкім білмейді. Алланың бергеніне шүкіршілік ете білейік! Тек Алладан ғана тілейік. Алла тағала баршамыздың ғұмырымызды ұзақ, тұғырымызды биік қылсын! Көзімізге көрінген ұлдарымыз бен қыздарымыз аман болсын! Саналы, иманды балалар тәрбиелеуді нәсіп етсін. Біздің жолымызды берсін деп жақсы сөйлеп қояйыншы. Ұзатқан әрбір қызыма жұғысты болсын. Бәріңіздің үйіңізге осындай той, қуаныш жұғысты болсын, - деп тілегін білдірді Тоқтамысова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы