Алла Пугачева сот дауына ілікті: Әншіге қатысты күтпеген ақпарат тарады
Электр энергиясы үшін жиналған қарызға байланысты сотқа талап арыз түскені хабарланды. Алайда әншінің өкілдері бұл мәліметпен келіспейді.
КСРО халық әртісі Алла Пугачева күтпеген қарызға байланысты сот дауының ортасында қалды. Мәскеудегі Арбат ауданында орналасқан бос тұрған пәтері үшін электр энергиясына төленбеген шамамен 9 мың рубль (58 мың теңгеге жуық) қарызы анықталған.
Әншінің байлығы жүздеген миллион рубльмен бағаланатынын ескерсек, бұл сома айтарлықтай үлкен емес. Алайда энергетикалық компания жұлдыз мәртебесіне қарамастан сотқа талап арыз түсірген. Mash Telegram-арнасының мәліметінше, құжаттар маусым айында ресми түрде тіркелген.
Бұл жағдайдың тағы бір қызық тұсы – әнші дәл осы жылжымайтын мүлікті 391 миллион рубльге (шамамен 2,5 млрд теңге) сатуға тырысып жатыр.
Болашақ сатып алушы Мәскеудегі элиталы «Филипповский» тұрғын үй кешенінен ауданы 300 шаршы метр болатын сәнді пәтер мен екі автотұрақ орнына ие болады.
Әншінің риелторлары пәтерді жабық форматта көрсетіп жүргенімен, өздерінің айтуынша, мұндай қымбат нысанға сатып алушы табу оңай емес.
Алла Пугачеваның директоры Елена Чупракова gazeta.ru басылымына берген сұхбатында қарыз туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Оның айтуынша, Ресейдегі әншіге тиесілі барлық коммуналдық төлемдерді өзі жеке бақылап отырады.
Жоқ. Маған түбіртектер жіберіледі, мен олардың барлығын төлеймін. Ешқандай берешек жоқ, – деді Чупракова.
Сонымен қатар ол Арбаттағы пәтердің сатылуы туралы ақпараттан хабарсыз екенін жеткізді.
Mash мәліметінше, 8 722 рубль (шамамен 57 мың теңге) көлеміндегі электр энергиясы үшін қарыз 2023 жылдың күзінен 2026 жылдың басына дейін жиналған.
Еске сала кетейік, Алла Пугачева – музыка саласындағы еңбегі үшін екі мәрте «Алтын граммофон» сыйлығының иегері және КСРО халық әртісі атағын алған өнер иесі. Шығармашылық жолында 500-ден астам ән жазып, ондаған альбом шығарған.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін әнші жұбайы, шоумен Максим Галкинмен бірге Ресейден кеткен. Алғашында отбасы Израильге қоныс аударса, кейін Кипрге көшкен. Қазір олар аралдағы жалдамалы виллада тұрып, 2013 жылы суррогат ананың көмегімен дүниеге келген Гарри мен Лиза есімді екі баласын тәрбиелеп отыр.