Алкоголь: жүйке уының зардабы ауыр
Жуырда Қазақстанның алкогольдік ішімдік тұтынудан Орталық Азия елдерінің арасында көш басында тұрғандығы жөнінде статистика жарияланды. Жалпы ішімдік ішудің адам денсаулығына, қоғамға келтірер зардабы көп екендігін жақсы білеміз. Дегенмен әлемдік нарық пен экономиканың едәуір салмағын құрайтын алкогольдік өнімдердің сатылымы тұтынушы тараптың да көп екендігін, яғни сұраныстың да бар екендігін айғақтайды. Осы орайда BAQ.KZ редакторы осы тақырып төңірегінде шолу жасап көрді.
Energyprom сайтының зерделеуі бойынша, біздің елде бір адам жылына шамамен 5 литр алкоголь ішеді. Ал жалпы еліміз осы көрсеткіші арқылы 180 мемлекеттің ішінде 100-інші орында тұр.
Айта кетейік, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде ішімдік ішуден Беларусь, Ресей, Украина елдері алдыңғы орынға шықса, Қырғызстан, Армения, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан Қазақстаннан кейінгі орынды алған. Осы деректердің негіздемесі бойынша Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан ішімдік ішу жағынан көш басында тұр. Алкоголь тұтыну бойынша алғашқы орындарда Латвия (13,2 литр), Молдова (12,9 литр) және Германия (12,8 литр) елдері бар.
Еліміздегі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ағымдағы жылы екінші тоқсанда әр отбасы алкогольді сусындарға орта есеппен 5,5 мың теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Бұл көрсетілген қаржы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыра қарағанда 8,1%-ға артық.
Ел аумағында ішімдікті ең көп сатып алған, яғни тұтынған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып анықталды. Шығысқазақстандықтар әр үш айда 9,5 мың теңгеге жуық ішімдік сатып алған. Келесі қатарда Павлодар облысы (9,5 мың теңге ) және Алматы тұрғындары (8,9 мың теңге) тұр.
Алкогольді сусындарды ең аз сатып алғандар өңірлердің қатарына Қызылорда облысы (1,2 мың теңге), Ақтөбе облысы (1,4 мың теңге) және Маңғыстау облысы (1,5 мың теңге) кіреді.
Сонымен қатар, сарапшы мамандар ағымдағы жылы тамызда алкогольді сусындардың өткен айға қарағанда 0,4 процентке, былтырғы уақытпен салыстырғанда 9,3 процентке қымбаттағанын хабарлады. Бір айда шараптың бағасы 0,8 процентке, ал сыраның бағасы 0,5 процентке көтерілген. Сондай-ақ арақ 0,2 процентке арзандады. Ал былтырмен салыстырғанда, сыра – 14,4 процентке, шарап – 9,9 пайыз, арақ 3,6 процентке қымбаттаған. Бұдан шығатын бір түйін: арақ-шарап сатылымы және өндірісі – ел экономикасының өсім-түсіміне де әсер ететін пайдалы болмаса да, елеулі көрсеткіші. Енді осы ішімдік, алкогольді өнімдердің зардабына тоқтала кетейік.
НАРКОЛОГ ДӘРІГЕР: МАСКҮНЕМДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕРІ
Алкогольге тәуелділіктің дамуын көрсететін алғашқы белгілерді нарколог Даниил Петров атап жазған.
Маманның айтуынша, бірінші кезеңде маскүнемдікті әдетте басқалар ауру ретінде қабылдамайды, керісінше, жалқаулық және адамның мінезінің ерекшелігі ретінде қабылданады, бірақ бұл көзқарас дұрыс емес. Бұл кезеңде адам әлі де әлеуметтік бейімделген, асқынбайды және оның тәуелділігі бұрыннан бар болса да, оның жұмысына кедергі жасамайды.
Аурудың дамуы туралы алғашқы «қоңыраулар» - жұмыс күнінен кейін ішу мүмкіндігін күту кезіндегі шыдамсыздық және есте сақтаудың шамалы бұзылуы, деп атап өтті дәрігер. Көбінесе олар айтарлықтай елеусіз, бірақ болашақта олар тек күшейеді.
Тәуелді адам алкогольдің әдеттегі дозасын біртіндеп арттырады. Осы кезеңде ол жұмысқа бармау үшін кез келген сылтау іздейді - ол демалыс күндерін және ауру демалысын ала бастайды.
Адам кем дегенде екі апта бойы әдеттегі күнделікті пайдалануынан бас тарта алмайды. Күндізгі уақытта адам алкогольді ішкенге дейін алаңдаушылық пен жеңіл агрессия сезімі бар. Дозадан кейін адам босаңсып, өзін әлдеқайда жақсы сезінеді, - деді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) соңғы жасаған баяндама-тезистерінде жыл сайын алькогольге құмар адамдардың екі жарым миллионнан (2,6 миллион!) астамы қайтыс болады делінген. Яғни, бұл көрсеткіш – 2,6 миллион адам ішімдікті шамадан артық ішіп және 0,6 миллион адам түрлі зиянды психобелсенді заттарды пайдаланып қайтыс болады.
Осы сараптаулардың ішінде ішімдікті мөлшерден тыс тұтынған 2 миллион адамның және психобелсенді заттарды қолданып қайтыс болған 0,4 миллион адамның ер адамдар екендігі анықталған. Дүниежүзідік денсаулық сақтау ұйымының мамандарының зерттеуінше, арақ-шарап ішіп, қарапайым өмір сүру дағдысынан айырылған, адам қатарлы өмір сүру қабілеті күйреген адамдардың саны 400 миллионға жеткен. Мұның ішінде 209 миллион адам алкогольді сусындарсыз өмір сүре алмайтындай, ерекше тәуелді болған.
АЛКОГОЛЬ ЖӘНЕ АУРУ ТҮРЛЕРІ
Алкогольді ішімдіктерді үздіксіз, жиі тұтыну немесе мөлшерден көп пайдалану адам денсаулығына мейлінше кері әсер береді.
Алкогольді тұтыну екі жүзден астам ауру түрлерінің, абайсызда жарақат алудың, сонымен қатар, денсаулықтың басқа да бұзылуының себебі болады. Алкогольді сусындарды ішу психикалық және мінез-құлықтың өзгерісі, соның ішінде ішімдікке тәуелділік және бауыр циррозы, сондай-ақ қатерлі ісіктер және жүрек-қан тамырлары аурулары секілді ауыр зардапты жұқпалы инфекция сынды аурулардың асқынуына әкеліп соғады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Адхан Гебрейесус баяндама барысында алкоголь өнімдерін тұтыну адам денсаулығына зиян, нәтижесінде түрлі созылмалы және психикалық ауытқушылық ауруларға шалдықтыратынын жазды.
Жыл сайын соңы өлімге алып келетін жағдайлар көбейіп жатыр. Бұл қайғылы оқиғаларды, жарақаттарды және зорлық-зомбылықты арттыратындықтан, отбасылар мен жалпы қоғамға теріс әсерін тигізіп отыр. Бұдан да дені сау және әділетті қоғам құру үшін біз ойланбастан батыл шешімдерді қолға алуымыз керек. Осы шешімдер алкоголь тұтынудан денсаулыққа және қоғамға келетін жағымсыз әсерді азайтуға және наркологиялық бұзылуларды емдеудің экономикалық қолайлы әдістерінің қолайлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Адхан Гебрейесус.
АЛКОГОЛЬ ЖӘНЕ ӨЛІМ-ЖІТІМ
Қазіргі таңда соңғы жылдарда зерттеулер көрсетуі бойынша ішімдіктен өлім-жітім көрсеткіштері 2010 жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, жыл сайын ішімдікке әуестік пен құмарлық салдарынан көптеген адамның өмірі қысқа болып барады. Мысал келтіретін болсақ, 2019 жылы 2,6 миллион адам ішімдік ішіп, өзін бақылауда ұстамағандығынан, қазақша айтқанда, арақ салдарынан ажал құшқан.
Бүкіл әлем бойынша алкогольге аса қатты құмар мемлекеттер Еуропа мен Африка елдері болып отыр.
Ішімдікті тұтынудың бір литріне шаққандағы өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші – табысы төмен, тұрмысы төмен, ал керісінше, ең төменгі көрсеткіштер табысы жоғары елдерге тән.
2019 жылы алкоголь ішкеннен болатын өлім-жітімнің жалпы құрылымында 1,6 миллион өлім жұқпалы емес аурулардан туындады, оның ішінде 474 мың жағдай – жүрек-қан тамырлары және 401 мың жағдай – онкологиялық аурулар, - деп жазылған баяндамада.
Мамандар арақ-шарапты ұдайы тұтыну АИТВ жұқтыру қаупінің жоғарылауымен бірге жүретінін анықтады. Олай дейтініміз, адамның мас күйде, санасыз кезінде қорғалмаған жыныстық қатынас түрлі ауру жұқтырудың ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, адамның иммундық жүйесінің бірнеше әрекеттерін тежейді. Яғни, инммундық белсенділігін төмендетіп, туберкулез таяқшаларының тез өршуіне және өлімге апарып соқтыруға бейімділігін жеделдетеді.
Зерделеу жұмыстары бойынша, 2019 жылы алкогольді өнімдерді тұтынуға байланысты өлім-жітімнің ең көп үлес-салмағы – 13 пайызы 20-39 жас аралығындағы адамдарда болды.
15-19 жастағы адамдардың 23,5 проценті алкогольге тәуелді болғандығын жария қылды статистика.
ЖАСТАРДЫҢ АЛКОГОЛЬДІ ШАМАДАН ТЫС ТҰТЫНУЫ
Жастар арасында алкогольді шамадан тыс тұтынуға не себеп болатыны белгілі болды. Корк университетінің колледжінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, жастардың ішек микробиомасы өзгереді. Бұл туралы EBioMedicine басылымында жарияланған мақалада айтылған.
Зерттеуге 18 бен 25 жас аралығындағы 71 адам қатысты. Сарапшылар сыналушылардың медициналық көрсеткіштерін және өз бетінше сауалнамалар деректерін талдады. әлеуметтік өзара әрекеттесу, құштарлық және импульсивті мінез-құлық туралы сұрақтар болды.
Алкогольді асыра пайдалану ішекте өмір сүретін және адам денсаулығында маңызды рөл атқаратын бактериялардың тіршілігіне жағымсыз әсер ететіні анықталды. Субъектілер басқа адамдардың эмоцияларын тану қиынға соқты. Сонымен қатар, эмоционалды өңдеу және импульсивтілігі бар бактериялардың бірнеше түрі үшін белгілі бір корреляцияны анықтау мүмкін болды.
Ғалымдар олардың зерттеу нәтижелері жас ішімдіктердегі микробиотаның денсаулығын жақсартуға бағытталған жаңа диеталық және пробиотикалық ұсыныстарды жасауға көмектеседі деп санайды.
ІШІМДІКТЕН ҚАЛАЙ ОҢАЙ АРЫЛУҒА БОЛАДЫ – МАМАН
Астанадағы Тәуелділіктерді емдеу және оңалту орталығының аддиктолог-маманы Нұржан Тілеубердінің кеңесі бойынша ішімдікке тәуелділік пен құмарлықтан арылу процесі ұзақ жүретін және асқан сабырды қажет ететінін айтады. Аддиктолог-маманның айтуынша, мұндайда отбас ының қолдауы ерекше маңызға ие екен.
МАС КҮЙДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗУ ҚАУІПТІ
Жуырда елдегі Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елде ішімдік ішіп алып, көлік руліне отыратын азаматтардың қарасы қалың екенін, салдарынан жол-көлік апаттары жиі орын алып жатқандығын мәлімдеді.
Биыл Қазақстан жолдарында "мас" күйде көлік тізгіндеген жүргізушілердің саны 15% процентке артып, ереже бұзғандардың барлығы әкімшілік қамауға алынған.
Мас күйінде қайта көлік тізгіндеу фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істердің саны 20% прцентке көбейді. Өрескел бұзушыларды құқығынан айыру 2 есеге өсті, – деп баяндады министр Ержан Сәденов.
АРАҚСЫЗ АУЫЛ АЖАРЛЫ
Елімізде соңғы деректер бойынша, 100-ге жуық ауылдар мен елді мекендер ішімдік атаулыдан бас тартып, қариялары қуаттап, жастары қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған.
Нақтылай өтсек, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Парламент Сенатындағы жиында айтты.
Қарағанды облысында – 50 ауыл, Түркістан облысы – 7 ауыл, Қостанай облысында – 6, Ақтөбе облысында – 5, Жамбыл облысында – 5 ауыл, Шығыс Қазақстан облысында – 4, Қызылорда облысында – 3, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында – 2 ауыл, Маңғыстау, Жетісу және Павлодар облысында – 1 ауыл. Бұл – шағын ғана ауылдар. Сол өңірлердің тұрғындары "енді ішімдік ішпейміз" деп шешім қабылдаған. Тұрғындардың өз бастамасы, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенаттағы жиыннан соң.
Сараптау, зерделеу жұмыстары нақты көрсеткендей, тиісінше ішімдіктен бас тартқан ауылдарда құқық бұзушылық, қылмыс саны мейлінше азайған.
Мысалыға, Жамбыл облысында ауылға арақ-шарап кіргізбейтін Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округінде соңғы төрт-бес жылдың көлемінде бірде-бір құқықбұзушылық орын алмаған. Бұл ауылдық округтің құрамына Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдары кіреді. Екі ауылда шамамен 1800-ге жуық адам тұрады. Осынмен қатар бұл ауылдың дүкендерінде темекі өнімдері де сатылымда жоқ. Ауыл тұрғындарының талап-тілегін ескерген кәсіпкерлер де бұл бастамаға қолдау білдірген.
Ал Түркістан облысында жиырмаға жуық елді мекен тұрғындары ішімдіктен бас тартып, үлгілі ауыл статусына ие болған. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, Арыс қаласындағы - Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40-разъезд елді мекендері, Бәйдібек ауданындағы - Түйетас елді мекені, Жетісай ауданындағы - Алмалы елді мекені, Келес ауданындағы - Шұқырсай және Мақташы елді мекендері бар. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы - Табысты елді мекені, Ордабасы ауданындағы - Аққойлы, Жусансай, Төреарық және Көлтоған елді мекендері, Отырар ауданындағы - Қарғалы ауылы және Сауран ауданындағы – Жүйнек, Шекербұлақ елді мекендері, Төлеби ауданындағы - Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл елді мекендері, сондай-ақ Қазығұрт ауданындағы – Шарбұлақ ауылы арақ-шараптан бас тартып, ұрпақ тәрбиесін қатаң қадағалап отырған елді мекендер.
Ал Ақтөбеде алкоголь сусындардан түюегейлі бас тартып, салауатты өмір салтын насихаттап келе жатқан он бір ауылдың әр шаңырағында бүгінде береке мен бірлік тұнып тұр. Бұлардың қатарындағы елді мекендер: Алға ауданының Бестамақ, Бесқоспа ауылдары; Мұғалжар ауданындағы Саға, Жаңатұрмыс; Темір ауданындағы Жамбыл, Қайыңды, Ақсай; Байғанин ауданындағы Қопа; Қобда ауданындағы Жарық; Ойыл ауданындағы Қараой; Шалқар ауданындағы Қаратоғай ауылы.
Онсыз да жаһанданудың таңсығын да, қаңсығында қатар алып, түрлі індеттің, дерттің ортасында отырған қоғамымызға бұл да бір ауыр тақсірет болды. Алкоголизм дертінен айығудың өте ауыр және мүмкін еместің маңайы екенін ескерсек, қазіргі күнде азаматтарымыз арасында бұл шырғалаңнан шығар жол таппай, тұңғиығында тұншыққандар жетіп артылады. Бұған дәлел оңалту, түзету орталықтарындағы лық толы бөлмелер емес пе?!
"Адасқанның алды тұман" дегендей, бұл касіреттің шырмауындағылар өз тағдырының тізгінінен айрылып, тайғақ кешкендер іспетті. Сорақысы да сол, кеште ішке алкогольден таңда айығу орнына келесі шөлмекке Зәм-зәм судай ынтызар болатын күй кешеді емес пе ол санат.
Қазіргі кезде алкогольдің де адам атап болмас, сан-алуан түрі бар. Нарық қоғамның "арақ" деген түрткісінен тойды ма (әзіл-шыны аралас), бұл қасіретке түрлі атау беріп, басқа түстерге бояп, өзгеше дәм кіргізіп әлек. Десек те, тегі сол – алкоголь. Мұның қайғысы әуелгісінен де салмақты болып тұр. Себебі жас буынның көбісі түрлі алкогольді сусындар мен коктейльдерге әуестеніп барады. Мысалы ешбір клуб пен жастар жиналатын орындарда "алкогольге тыйым салынады" деген маңдайша ілінбейді. Іліне қалған жағдайдың өзінде барлар мен клубтарда "Просеко, Аппероль" сынды сүйкімді атауларды кездестірмеу мүмкін емес. Аталмыш элиталы есімдердің бәрі де кешегі "алкоголизм" дертінің этимологиясынан болып табылады.
Осындайда «қайтпек керек?» деген сауал сап етеді. Әлем болып алкогольден бір сәтте не бір жылда бас тарту мүмкін еместігін мойындадық. Мүмкін ішінара тыйым салып, адамдарға онсыз өмірдің артықшылығын аңғарту керек шығар... Бәлкім дәл бүгінгідей еркін алкоголь сатылымын тоқтату керек шығар...