Алкогольсіз сусындар индустриясына қысым жасалуда – кәсіпкер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорын басшылары мен қауымдастық өкілдері құрамында қанты бар сусынды өндіруге енгізілгелі отырған акциз бен таңбалау мәселесіне қатысты наразылықтарын білдірді.

Олардың айтуынша, Үкімет тарапынан енгізілгелі отырған мұндай шаралар онсыз да қиын жағдайды басынан кешіріп отырған кәсіпорындарды құрдымға жібереді.

Айта кетсек, Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтің қолдауымен 2023 жылы 20%-дан бастап, үш жыл ішінде 45%-ға дейін бұрын-соңды болмаған мөлшерлемелермен құрамында қант бар сусындарға акциздер енгізуді ұсынып отыр.

Алкогольсіз сусындар өндіретін «Galanz Bottlers» АҚ-ның басшысы Телман Айтахунов отандық өндірушілер пандемия жағдайында онсыз да үлкен ауыртпашылықты өткеріп жатқандарын айтады.

Жақында қанттың бағасы 65%-ға өсті, оған қоса қаптама материалдарының да бағасы қымбаттады. Электр қуаты, газ бағасы да күнделікті өсіп отырады. Мұның барлығы жергілікті бизнеске әсер етіп жатыр. Пандемия басталғалы көптеген қиындықты өткеріп жатырмыз. Шикізаттың барлығы шетелден жеткізілетіндіктен логистика бағасы үнемі өсуде. Жабылу алдында тұрған кәсіпорынды әрең ұстап отырмыз. Енді құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға акциз енгізу мен таңбалау бастамасы жығылғанға жұдырық болып тұр, - дейді ол.

Кәсіпкер егер қосымша салықтар көбейе берсе, көлеңкелі экономика белең алып, заңсыз заттар көбейетінін айтады.

Оған қоса таңбалауды енгізілгелі жатыр, оның еш қажеті жоқ. Өйткені азық-түлік өнімін шығарушылар онсыз да заңды түрде жұмыс істейді. Біз ішік сияқты қымбат өнім шығарып жатқан жоқпыз, сондықтан азық өнімдерін таңбалаудың мәні жоқ. Бұны мемлекеттік ұйымдар түсінбейді, таңбалау өнім шығару барысын, логистиканы баяулатады әрі өнімнің қымбаттауына әкеледі. Қазір еліміздегі кәсіпорындарға деген көқарас дұрыс емес, қысым жасала берсе көбі жабылып, оның арты жұмыссыздыққа әкеледі. Біз алдағы 5-6 жылға есептелген инвестициялық жобаларды іске асырғымыз келген. Бірақ Үкімет тарапынан акциз және басқа да салықтар енгізілсе, біз ол жобаны тоқтатуға мәжбүр боламыз, - дейді Телман Айтахунов.

Маусым айының соңында Е. Тоғжановтың басшылығымен Үкімет алаңында өткен соңғы отырыс барысында осы норманы енгізуді 2023 жылға дейін кейінге қалдыру және қажетті зерттеулер мен бағалау жүргізе отырып, оны уәкілетті мемлекеттік органдармен және бизнеспен енгізудің орындылығы мәселесін пысықтау туралы шешім қабылданды. Алайда, осы шешімге қарамастан, акциздік салық «Салауатты ұлт» жобасының соңғы нұсқасына енгізілді және қазіргі уақытта қажетті зерттеулер мен бағалауларсыз тамыз-қыркүйек айларында Мәжілісте ілгерілету жоспарлануда.

ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының президенті Әлия Мамытбаева халықтың денсаулығын қамтамасыз ету сылтауымен енгізілгелі отырған бұл акциз негізсіз деп отыр.

Қазақстандықтардың денсаулығын қамтамасыз ету үшін ҚР-дың әрбір өңірі үшін жаңа тұтыну нормалары қажет, ал Денсаулық сақтау министрлігінің тамақ өнімдері саласындағы бизнеске қатысты мұндай түбегейлі шаралары қажет емес. Иә, шетелде мұндай тәжірибе болған, бірақ олар құрамында қанты бар сусындарды халық тым көп қолданғанын зерттеп, дәлелдеген. Ал, бізде ондай зерттеулер жүргізілген жоқ. Тек шетелдің «ыңғайлы» практикасына сүйеніп, ұлтты сауықтыру деген желеумен өндірістің тұтас бір саласына соққы беру дұрыс емес. Егер құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға 20-дан 45%-ға дейін акциз енгізілсе, өнімнің бағасы 40 пайыздан 80%-ға дейін қымбаттайды, - дейді ол.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, тамақ өнімдеріне қатысты мұндай акциздік саясатқа жол беруге болмайды.

Алкогольсіз сусындар саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі Алматы мен Алматы облысында орналасқан. Салықтың енгізілуіне байланысты елдің ең ірі конгломератындағы бюджет және жұмыспен қамту зардап шегеді. Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы мұндай амалды үзілді-кесілді қолдамайды, мәселе соңына дейін зерттелмеген, сондықтан мақсаттылығын байыппен бағалау, әзірлеушілер жүргізбеген реттеушілік әсерді талдау қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті мемлекеттік органдарының бұл мәселені ілгері жылжытудағы тәсілдер бізді қанағаттандырмайды. Бұл шараны енгізу ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен біржақты тәртіпте іске асырылуда. Бизнес-қоғамдастықтың негізделген ұстанымы еленбеуде, Денсаулық сақтау министрлігінің ҰКП алаңдарында, оның ішінде ҚР Үкіметі аппараты өкілдерінің қатысуымен осы мәселе бойынша барлық отырыстар шешілген мәселе форматында өткізілуде, – дейді А. Қошмамбетов.

ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығының бағалауы бойынша бұл сала сатылымның және өндірушілердің жылдық кірісінің, негізгі капиталға инвестициялардың төмендеуіне және өндіріс көлемінің төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына тап болады. Яғни, өндіріс көлемі 40%-дан астамға төмендейді, өнімнің құны 40-тан 85%-ға дейін артады, саладағы жұмыс орындары 2 500-ден астам адамға, аралас салаларда 17 500-ден астам адамға қысқарады. Нәтижесінде индустрия кәсіпорындарының салық аударымдарының мөлшері күрт төмендейтін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы