Әлия Юсупова гимнастика федерациясының басшысы қызметіне қайта сайланды
Алматыда Қазақстан гимнастика федерациясының есептік-сайлау конференциясы өтті. Оған Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Конференция барысында федерацияның есепті кезеңдегі жұмысының қорытындылары шығарылып, алдағы уақытқа арналған даму жоспарлары мен стратегиялары талқыланды.
Күн тәртібіндегі басты мәселе спорт ұйымының президентін сайлау болды.
Конференция қатысушыларының бірауыздан қабылдаған шешімімен Әлия Юсупова федерация басшысы қызметіне төрт жылдық мерзімге қайта сайланды.
Өткен маусым барлығымыз үшін сәтті болды. Біздің спортшылар керемет, әрі тарихи нәтижелер көрсетті. Париждегі Олимпиада ойындарына алғаш рет гимнастиканың үш түрі: спорттық, көркем және батуттағы гимнастикадан спортшылар қатысты.
Азия ойындары, Азия чемпионаттарында және әлем чемпионаттарында барлық дисциплиналар бойынша спортшыларымыз медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Нариман Құрбановтың 2024 жылғы Олимпиадада алған тарихи күмісін ерекше атап өткім келеді.
Спорттық акробатика мен аэробика да отандастарымыз бізді Азия құрлығында және әлемдік жарыстарда медальдармен қуантты. Біздің төрешілер Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG) және Азия гимнастика одағы (AGU) комитеттерінің құрамына енді.
Қазақстанда гимнастиканы дамыту – бұл осы спорт түрімен айналысатын әрбір адамның еңбегі. Мейлі ол балалар жаттықтырушысы, басшы, спортшы немесе Федерация өкілі болсын, барлығының қосқан үлесі маңызды.
Біз спорт түрлерін одан әрі күшейтіп, оның халықаралық аренадағы орнын нығайта түсіп, бүкіл ел бойынша миллиондаған адамды шабыттандырамыз. Сенім білдіргендеріңіз үшін рақмет, біз бірге жаңа жетістіктерге жетіп, гимнастиканы бұдан да танымал спорт түріне айналдыра аламыз, – деді Юсупова қайта сайланғаннан кейін.
Айта кетейік, Әлия Юсупова 2021 жылы Қазақстан гимнастика федерациясының президенті қызметіне келген еді.