Әліпбидегі төл дыбыстардың ерекшелігін көрсетуде қандай белгілерді пайдаланған жөн
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша тіл мамандарына тапсырма берді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Әдістеме жұмыс тобының мүшесі Айнұр Сейітбековамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Айнұр Аташбекқызы, өзіңізге белгілі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша тіл мамандарына тапсырма берді. Содан бері елімізде өз әліпбиінің нұсқаларын ұсынушылардың саны көбейді. Мамандардың арасында әріптің үстіне қойылатын дикаритикталық белгіге қатысты да пікірлер біржақты емес көрінеді. Қай диакритикалық белгі ұтымды?
– Дұрыс айтасыз, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша тіл мамандарына тапсырма бергелі әліпби ұсынушылар көбейіп кетті, әліпбидегі диакритикалық белгілер туралы талқылаулар, пікірлер мен ұсыныстар да толастар емес. Соңғы бекітілген жаңа әліпбидегі ұлттық дыбыстарды ажыратып көрсететін кейбір әріптердегі акут белгісін "орыс тіліндегі сөздің мағынасын ажырату үшін екпінді көрсететін диакритикалық белгі" деген пікірлер де жиілеп бара жатыр. Расымен де, акут белгісі өзге еуропа (роман, француз) тілдерінде ашық және қысаң дыбыстарды ажырату үшін, ал кейбір тілдерде дыбыстардың созылыңқылығын анықтау үшін пайдаланады. Дегенмен диакритикалық белгілердің қайсысымен белгілеу қолайлы немесе қолайсыз, көзшалымға ұтымды немесе ұтымсыз екендігі жазу-сызуда, оқылымда, яғни тәжірибеде көрініс табатыны айқын. Осымен байланысты акут диакритикалық белгісімен оқытуда айтарлықтай қиындықтар байқалмайды, себебі маңдайшалар, дүкен, т.б. атауларын, мекеме ішіндегі (емхана, аурухана, т.б.) мәтіндерді акут әліпбимен беру үрдісінің қарқынды жүруі акутты әліпбидің оқуға жеңілдігін аңғартады, егер халық қабылдай алмаса жазбас еді. Тек тәжірибе барысында әліпбидегі /ý/ акут белгісімен берілген [у] дыбысының таңбасын ауыстыруды қажет ететіні аңғарылды. Мәселен, /ý/-ды /u/-мен таңбалаған қолайлы. Екінші бір ескеретін жайт, ІТ мамандарының пікірінше, акут диакритикасы техникалық жақтан ешқандай қиындық туғызбайды.– Әліпбидегі төл дыбыстардың ерекшелігін көрсетуде диакритикалық белгілердің біреуі ғана жеткілікті ме, әлде өзге тілдердегідей бірнеше диакритикалық белгілерді пайдалаған жөн бе?
– Мамандардың арасында "әліпбидегі төл дыбыс таңбаларын белгілеуде бір ғана диакритикалық белгіге байланбай, әртүрлі диакритикалық таңбалар арқылы шешкеніміз жөн" деп санайтын мамандар бар. Бірақ мұны тәжірибе арқылы қолдағдылық, көзшалымдық қолайлығын ескере отырып енгізуіміз қажет болар. Ең жиі қолданылатын әріпүсті умлаут, макрон, бревис, акут және седиль, т.б. диакритикалық белгілердің ішінде умлаутты қолдаушылар жеткілікті. Өйткені бұл белгі өзге түркі тілдерінде қолдануымен ерекшеленеді. Умлаут әріп үстінен қос нүктемен белгіленеді. Ал енді қолына алғаш рет қалам ұстап, жазу-сызуға үйренем дейтін 1-сыныптың баласын елестетіп көрейікші. Бала жазып келе жатып умлаут белгісінің бір нүктесін тастап кетуі немесе бұл қос нүктені басқа белгіге айналдырып жіберуі әбден мүмкін. Бірақ умлаут белгісінің қолмен жазудағы осындай кемшілігі болғанмен, компьютердің пернетақтасында, қолтелефонда, жалпы техникалық жақтан ешқандай кедергі келтірмейді. Акут пен умлаут белгілерінің жазу-сызуда осындай өзіндік лингвистикалық, графикалық артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Сондықтан әліпбиге акут немесе умлаут диакритикалық белгілерінің лингвистикалық, техникалық, графикалық, педагогикалық тұрғыдан артықшылықтары мен кемшіліктерін ескере отырып, екі белгінің бірін таңдауымыз қажет.
– Көпшіліктің әліпбидегі екіұшты оқылатын sh және ch таңбаларды да қолдамайтындары байқалады. Бұл әріптерге өзгерістер ене ме?
– Дұрыс айтасыз, көпшілікітің тарапынан әліпби құрамындағы диграфты sh және ch әріптерінің түркі тілдерінің табиғатына ортақ "бір әріп – бір таңба" принципімен жазылмауы туралы сын-пікірлер жиі айтылды. Сондықтан [ш] дыбысын (Ş) седиль диакритикалық белгісімен берілгені жөн болар еді. Сондай-ақ, [ұ] дыбысына (Ū) макрон және [ү] дыбысына (Ú)акут, диакритикалық белгілермен берілсе, тұрпаты жағынан өзара ұқсас жұп әріптерді ажыратуда қиындық тудырмасы анық. Дегенмен ұлттық дыбыстарды ерекшелеп көрсететін әріпасты және әріпүсті диакритикалық белгілерді аз қолдану принципін сақтаған жөн. Өйткені диакритикасы көп әріптері бар әліпби қабылдауға, үйренуге ауыр болатыны сөзсіз.